«Голос.Дети» жобасының алтыншы маусымында жеңімпаз атанып, кейін дауыс беру нәтижелері жойылған Микелла Абрамова даулы жағдайдан кейін байланысқа шықты. Әнші Алсудың қызы алғаш рет атышулы финалға қатысты пікір білдіріп, өзіне қолдау көрсеткен көпшілікке алғысын жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Музыкалық жобада әділ жолмен жеңімпаз атанбағаны дәлелденген Микелла қайтадан түсірілген финалда жеңіске жеткен достарын да құттықтауды ұмытпапты.
Ол өзінің Instagram парақшасында «Голос.Детиге» қатысты жазба қалдырған.
«Достар! Маған дауыс беріп, қолдау көрсеткен баршаңызға алғыс білдіргім келеді. Менімен бірге қуанып, менімен бірге алаңдағандарыңыз үшін рахмет. Арадағы алыстыққа қарамастан мен сіздердің қолдауларыңызды сезіне алдым. Көпшіліктің қолдауы жобада маған қатты көмектесті.
Бірінші арна басшылығына, ұйымдастырушыларға, біздің ең керемет жетекшілерімізге, «Голос.Дети» жобасы аясында бізбен жұмыс істеген әрбір адамға алғысым шексіз. Сахнаға шығып, бұл керемет жобаның бір бөлшегі болу арманым шындыққа айналды. Бұл менің өмірімдегі ең көңілді әрі естен кетпес қызыққа толы айлар болды.
Мен түрлі қалалардан, тіпті мемлекеттерден өзіме жаңа достар таптым, және сіздер менің бәрінен қымбат ең басты жүлдемсіздер. Тіпті бойымызда күш таусылып, сахнаға шығар алдында қатты алаңдаған кезде де біз бір-біріміздің қасымыздан табыла білдік. Сендерді қатты жақсы көремін.
Сендер ең керемет доссыңдар. Жеңіс құтты болсын, «Голос.Дети» командасы! Бірге біз күшпіз», - деп жазған Микелла Абрамова.
Айта кетейік, биылғы «Голос.Дети» жобасының финалы үлкен жанжалға ұласқан болатын. Көпшілік жеңімпаз атанған Микелла Абрамованың жеңіске әділ жолмен жетпегенін айтып шүйліккен еді.
Көрермендердің басым көпшілігі нағыз жеңімпаз ретінде Ержан Максимді атады.
Бірінші арнада ұйымдастырылған арнайы тексеріс нәтижесінде ақыр-соңы Алсу қызының жеңісі жоққа шығарылып, финалды қайта түсіру шешімі қабылданды.
Алайда, қайтадан финалда ән салудан Микелла Абрамова бас тартты. Атышулы музыкалық жобаның алтыншы маусымында бірден сегіз бала жеңіске жеткен.