Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай республикалық фестиваль өтті
Атырауда дауылпаз ақын, ақберен батыр Махамбет Өтемісұлының туғанына 200 жыл толуына орай бірінші республикалық театр фестивалі қорытындыланды. Бір аптаға созылған фестивальдің бас жүлдесін Махамбет атындағы академиялық Қазақ драма театры иеленді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі inform.kz-ке сілтеме жасап.
Фестивальге іріктеуден өткен 7 театр қатысты. Олар – Маңғыстаудан Н.Жантөрин атындағы музыкалық драма театры, Жезқазғаннан С.Қожамқұлов атындағы Қазақ музыкалық драма театры, Ақмола облысынан Ш.Құсайынов музыкалық драма театры, Қостнайдан І.Омаров атындағы Қазақ драма театры, Шымкенттен Ж.Шанин атындағы академиялық Қазақ драма театры, Батыс Қазақстаннан Х.Бөкеева атындағы Қазақ драма театры мен жергілікті Махамбет атындағы академиялық Қазақ драма театры.
Өнер ұжымдарының қойылымын бағалайтын қазылар алқасына Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұңғышбай Жаманқұлов жетекшілік етті.
- Махамбет сөздерінің бәрі дерлік – өткір, адуынды. Сол себептен өнер додасы тартысты өтіп, қойылымдар асқан шеберлікпен сахналанатынына үміттендік -деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Өнер додасының шымылдығы Махамбет атындағы академиялық Қазақ драма театрының Тәкен Әлімқұловтың «Қош бол, Қараой» реквиемін сахналаумен бастады. Әр театрдың қойылымы өзіндік өрнегімен көрерменді тәнті етті.
Қазылар алқасының шешімімен фестивальдің бас жүлдесі «Қош бол, Қараой» реквиемін сахналаған Атырау облыстық Махамбет атындағы академиялық Қазақ драма театрына берілді. «Жұбан» спектаклін ұсынған Батыс Қазақстан облыстық Х.Бөкеева атындағы Қазақ драма театры бірінші жүлдеге лайық деп танылды. Екінші орынды «Әлиханның аманаты» қойылымымен Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық драма театры иеленді. Махамбет атындағы арнайы сыйлықты І.Омаров атындағы Қостанай облыстық Қазақ драма театры «Алжир» қойылымымен жеңіп алды.
Сондай-ақ Гаухар Мангулова «Үздік режиссер», Темірбек Мұхтаров «Үздік сценограф» атанды. Ал «Үздік ер адам бейнесі» аталымын Медғат Өміралиев, «Үздік әйел адам бейнесі» аталымын Нұрлыгүл Жұбатова иеленді.
Ал, «Екінші пландағы ер адам бейнесі» аталымына Рауан Таймас, «Екінші пландағы әйел адам бейнесі» аталымына Жібек Үсенова ие болды. Бірнеше қызметкер «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.
Оқи отырыңыз: Қазақтың тарихи құнды жәдігерлері елге қайтарыла ма