Іс-шара шаһардың 8 бірдей мұражайында өтті
Халықаралық музейлер күніне орай Алматыда «Мұражай түні» өтті. Іс-шараны Мәдениет басқармасына қарасты қалалық музейлер бірлестігі шаһардың 8 бірдей мұражайында ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Музейлер түні – көпшілік асыға күтетін дәстүрлі іс-шараның бірі. Халықтың қызығушылығын оятатын кеш қаланың барлық мұражайында жыл сайын ұйымдастырылады. Ал биыл басты бағдарлама Алматы музейінде өтті.
– Шараның негізгі мақсаты – қоғам және жеке адамның өміріндегі музейдің алатын орнын анықтау, халықтың назарын тарихи мәдени мұрамызды сақтауға аудару. Акция еліміздің барлық музейінде аталып өтеді, – деді «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова.
Мұражайға келушілер тарихи оқиғаларды, сол дәуірдің киімдері мен тұрмыс-тіршілігін, диірмен тарту, баланы бесікке салу дәстүрін интерактивті форматта көруге мүмкіндік алды.
Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейіне 55 жыл толуына орай, театр қызметкерлері «Мұражай түні» акциясын ұйымдастырды. Қара шаңырақтағы 200 мыңнан астам жәдігер сақталған мәдени мекеме – баға жетпес байлығымыздың бірі.
– Шынымды айтсам, акция театр тарихында 3 рет болып тұр, кең форматта өтеді. Театр музейінің ғасырға жуық тарихы бар. Ол екі залдан тұрады. Келген көрермен тек спектакль көріп қана қоймай, театрдың музейіне кіріп, оның тарихымен танысады, – деді М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры музейінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызы.
Кеште театрдың белгілі әртістерінің қатысуымен қойылымнан үзінділер қойылып, ғасырға жуық сақталған сахналық киімдердің шеруі өтті. Ән шырқалып, театр тарихынан сыр шертетін деректі фильмдер көрсетілді.
Гүлмарал Изатқызы, Медет Саматұлы, «Алматы» телернасы