Ақын көзі тірі болғанда 66 жасқа толар еді
Алматыда көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Есенғали Раушановты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қазақ поэзиясында ерекше қолтаңбасы бар ақынның жалынды өлеңдері 1973 жылдан бастап жарияланған. Кеште сол көркем шығармалар оқылып, қаламгердің сөзіне жазылған әндер орындалды.
– Қазақ ақындарының барлығы ұлттық деңгейге көтерілді деп айта алмаймыз. Бұл – санаулылардың ғана маңдайына жазылған бақ. Солардың бірі – Есенғали Раушанов, – деді ақын Бейбіт Сарыбай.
Еске алу кешінде Есенғали Раушановпен етене жақын араласқан академик-ғалымдар да жиналды. Ақын көзі тірі болғанда 66 жасқа толар еді. Оның шығармалары орыс, литва, украин, болгар, және чех пен өзбек, қырғыз тіліне аударылған.
– 1990 жылдары Қадыр Мырзалиев «Есенғали 1980 жылдары поэзияға келгенімен, өзіндік мектебін қалыптастырған ақын ретінде бағасын алған» деп жазды, – деді ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бауыржан Жақып.
– Есенғали ағаның қазақ поэзиясындағы орны бөлек. Алматыға келгенде жастарға алтын қазық, өлең өлкесінде өзін іздеп жүрген ақындарға жол көрсеткен ұлық – Есенғали болды, – деді ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Бақыт Беделхан.
Оқи отырыңыз: «Мәдениет туралы» заңда әдебиет жайында екі ауыз сөз жоқ - Мереке Құлкенов