Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған фестиваль 29 қазанға дейін жалғасады
Қазақ мәдениетінің қара ордасы – Қазақконцерт ұжымы Алматыға іс-сапармен келді. 1 айлық репертуарында әр жанрды қамтыған концерттік бірлестік күні кеше классикалық музыка жауһарларын көпке таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Алматыдағы алтын күз «Қазақконцертпен» бірге». 1 айға жалғасатын мәдени іс-шаралардың жалпы атауы осы. Фестиваль шымылдығы 25-қазанда дәстүрлі музыка концертімен ашылған еді.
«Біз гастрольге алғаш шықтық. Алматы – мәдениет орталығы. Содан болар, өзімізге ерекше. Толқып тұрғанымыз сезіліп тұрған болар», – деді композитор, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Серік Еркінбеков.
«Әсерді халыққа жеткізе білдім деп ойлаймын. Үлкен жобаларға, керемет концерттерге қатысуға мүмкіндік беріп жатқан, жастарға жол ашып жатқан Қазақконцерт мемлекеттік ұйымына алғысымыз шексіз», – деді Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының солисі Әйгерім Алтынбек.
Кеште классика жанрының әлемдік жауһарларынан бөлек, отандық композиторлардың тырнақалды туындылары орындалды. Концертте өнер көрсеткендердің қатарында жас әрі талантты солистерден бөлек, елдегі ең танымал камералық-аспаптық ансамблі де бар.
«Алматы «Қазақконцерттің» әртістерін сағынып қалыпты. Соны енді музыканы, рухани байлықты елге, халыққа жеткізу - ең басты мақсат, сол музыканы дәріптеу», – деді Р. Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының бөлім басшысы Азамат Жылтыркөзов.
Айта кетейік, Алматыда тұңғыш рет ұйымдастырылған фестиваль 29 қазанға дейін жалғасады.
Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы