Азия дауысы: қайта жаңғырған халықаралық фестиваль қалай өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Көрермендерді спорт кешеніне дейін тегін жеткізу үшін 55 автобус ұйымдастырылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Талай талантты әлемге танытқан байрақты бәсеке қайта жалғасын тапты. Медеуде 3 күн қатарынан өткен «Азия дауысы» халықаралық фестивалі биыл өзгеше форматта ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Араға 19 жыл салып қайта жаңғырған «Азия дауысы» бұрынғыдан да ауқымды бола түсті. 1990 жылы басталған фестиваль 2004 жылға дейін осы Медеу спорт кешенінде өткізілген еді. Сол жылдары Еуразия құрлығындағы ең ірі мәдени іс-шараға айналған. Жобаның бас продюсері Арманжан Байтасовтың айтуынша, бұл дәстүр енді қайта жалғаспақ.

– «Азия дауысының» тарихы тереңде. Оны ұйымдастыруға еліміздегі банк пен түрлі жекеменшік компаниялар демеушілік етті. Фестиваль қайта жанданады дегенімізде бізге әлемнің әр түкпірінен хабарласты. Бұл – атақты жобаның елімізде ғана емес, Азия елдерінде де аса танымал болғанын көрсетіп отыр. Бүгінде өнерге құштар жандарды бір ортаға біріктіретін бірегей алаңға айналып отыр, – еді фестивальдің бас продюсері Арманжан Байтасов.

Бұған дейін өткізілген «Азия дауысы» талай талантты жастарды әлемге танытқан еді. Бүгінде көпке есімі белгілі Маржан Арапбаева, Бауыржан Исаев, Ерлан Көкеев сынды әншілеріміз осы фестиваль арқылы үлкен өнерге қанат қаққан еді.  

– Мен үшін бұл жобаның орны ерекше. Оны басқа да байқаулармен теңестіре алмаймын. Өйткені, менің өнерге деген алғашқы баспалдағым осы тұста басталды. Кешке қатысып жатқаныма шын қуынаштымын. Бір шетінен қобалжып та тұрмын, – деді әнші, композитор Ерлан Көкеев.

Концерттік бағдарламаның екінші күнінде тек америкалық The Black Eyed Peas тобы өнер көрсетті. Олар әлемге танымал шығармаларын орындап, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Ал жексенбі күні Швецияның Secret Service музыкалық тобы фестивальді қорытындылады. Концерттің алғашқы күнінен-ақ тарихи сәттің куәсі болуға келгендер қатары көп болды.

– Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жастар да, ересектер де келген. Атақты жобаны бәрінің тағатсыздана күткенін байқауға болады. Ұйымдастырушыларға рақмет, – деді  қала тұрғыны Инабат Мырзабек.

– «Азия дауысы» араға 20 жыл салып қайта оралғанына қуаныштымыз. Бұл жоба менің балалық шағымның естелігі деп айтсам болады. Осыдан 20 жыл бұрын фестивальді жыл сайын тағатсыздана күтетінбіз, – деді қала тұрғыны Салтанат Пірімова.

Биыл фестивальдің ашылу салтанаты өткізілді. Ал байрақты бәсеке келер жылдан бастап өткізілмек. Оған әлем елдерінен қатысушылар іріктеліп, өнерпаздар өзара бақ сынасады. Айта кетейік, Медеудегі үлкен мерекені өткізуге Алматы қаласы әкімдігі де қолдау білдірді. Концертті тамашалауға барған көрермендерді спорт кешеніне дейін тегін жеткізу үшін 55 автобус ұйымдастырылды.  

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрмесі өтті

Новости партнеров