Бүгін – дүниежүзілік театр күні. Аталған мерекені әлем елдерімен қатар Қазақстанда атап өтеді. Осы орайда ҚР Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев театр өнері қауымын төл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Әлі есімде, 14-ке толғанда әкем Әуезов театрына апарып, «Біз періште емеспіз» деген спектакльді көрсеткен. Ауыл клубынан үлкен сахнаны алғаш көрген мен үшін театрдың өзіне тән аурасы, қалыптасқан тәртібі, көрермен залы, актерлердің ойыны ұмытылмас әсер қалдырған еді. Студенттік жылдары жиі барып тұрғанымызбен, қызметке араласып, елордаға қоныс аударғаннан кейін Әуезов театрына жол түспей қойып еді, соның орайы жақында келді. Алматыға жасаған жұмыс сапарымызда қара шаңыраққа арнайы барып, «Қан мен тер. Ақбала» спектаклін тамашаладық. Сонымен бірге Мүсірепов театрына да барып, «Қарагөз» қойылымын көрдік. Спектакльдер өте ұнады. Біраз ой түйіп, тұшынып қайттық», - деп жазды Дәурен Абаев Facebook парақшасында.
Сондай-ақ, министр Ф.Молдағали және А.Оспанбаева сияқты жас режиссерлердің М.Әуезов және Ә.Нұрпейісов сынды классик жазушылардың шығармаларын жаңаша кейіпте сахналап жатқанын атап өтті.
«Жыл өткен сайын театрларымыз заманға сай түлеп, жаңарып, жанданып келе жатқаны даусыз. Актерлердің шеберлігіне, сахнаға, көрермен талғамына қарап-ақ, еліміздегі мәдениет саласының даму қарқынын байқауға болады. Сонымен бірге, отандық өнер иелерінің шетелдік әріптестерімен шеберлік тұрғысынан деңгейлестігі, кейде, тіпті, өзіндік ерекшеліктерінің арқасында озық тұратыны да айқын байқалады. Бірнеше мемлекетте жұмыс істеп, өзге елдердің де мәдениет ошақтарын көрген адам ретінде бұлай толық сеніммен айта аламын», - дейді ол.