Орта Азиядағы ерекше еңбек. Алматыда есімі елге танымал күйші Абдулхамит Райымбергеновтің «Күй төресі Қазанғап» атты монографиялық кітабын таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Автордың айтуынша, жинақ елімізде тұңғыш рет интерактивті кітап болып басылған. Яғни, еңбекке енгізілген Қазанғаптың 80-ге жуық күйін QR код арқылы тыңдауға болады. Оған қоса, түрлі экспедициялар кезінде түсірілген 600 шақты құнды фотосурет бар. Сондай-ақ кітапқа Қазанғаптың 74 шәкіртінің өмірбаяны енген. Үш томнан тұратын еңбекті оқырман елдегі кітапханалардан оқи алады.
«Бұл кітапты 40 жылдай жазыппын. Яғни, 40 жыл материал жинадық, қанша экспедицияға бардық. Бүкіл Ақтөбе облысын аралап шықтық. Басылымда 120-дан астам бейнетаспа бар. Қазанғаптың шәкірті туралы оқып, солардың күйін QR код арқылы тыңдай аласыз. Бүкіл нотаны QR кодқа енгіздік», – деді күйші Абдулхамит Райымбергенов.