Алматыда «Менің пірім – Сүйінбай» атты республикалық жас ақындар айтысы өтіп жатыр. Жыр додасы биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«Айтыс өнерін жастар арасында кеңінен насихаттау, ақындық дәстүрді жаңғырту, жас ақындардың суырып салмалық қабілеттерін шыңдау – айтыстың басты мақсаты» дейді қазылар алқасының мүшелері.
«Біріншіден, бұл жерде сөздің күші мен қуатына, ақынның уәжге тоқтамдығы, тапқырлығы бағаланады. Әрине, ақын қаншалықты көркем, шешен сөйлесе, соншалықты ұпай беріледі», - деді айтыскер ақын, қазылар алқасының мүшесі Бекарыс Шойбеков.
Осымен алтыншы рет өтіп жатқан шараны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұйымдастырған. Еліміздің барлық жоғары оқу орнынан 50-ге жуық студент қатысып, соның ішінен кіл мықты деген 20 жас ақын іріктеліпті. Жүзден жүйрік шыққан ақындар үлкен айтысқа жолдама алады. Сондай-ақ қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
«20 ақын финалға шығып отыр. Жалпы биылғы айтысымыз өздеріңізге мәлім, Ахмет Байтұрсынұлы ұстазыма арналады. Сондықтан бүгінгі жас ақындардың қозғап отырған тақырыптары ұстаздыққа, бала тәрбиесіне арналып отыр», - деді Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Шыңғыс Нұрланов.