Кино әлемінің қайталанбас тұлғасы Досхан Жолжақсынов 70 жасқа толды

Almaty.tv
Almaty.tv
Қазақстанның халық әртісі «Отан» орденімен марапатталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақтың Құнанбайын қалың көрерменге жеткізе сомдаған, «Біржан салдың» бейнесін ашқан Досхан Жолжақсынов 70-ке толды. Азаматтың мерейлі жасында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кино және театр актерін «Отан» орденімен марапаттау туралы Жарлыққа қол қойды. Бүгін аталған награда әртіске салтанатты түрде табыс етілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Досхан Жолжақсынов. Болмыс-бітімі, рөлі мен дауысы көптің көкейінде сақталған әртіс күні кеше 70 жасқа толды. Жарты ғасырға жуық еңбек жолында 200-ден астам бейнені сомдаған актердің кез келген рөлі қазақ кинематографиясында бір ғана «Құнанбай» фильміндегі рөлімен-ақ есте қалды. Ел тарихындағы ерді көрерменіннің көз алдына әкеле алуын әртістің шеберлігі десек, бүгінге дейін бейнелеген алуан кейіпкері оның кәсіби қабілетін, рухани тереңдігін аңғартқандай.

«Досханның басқа режиссерлерден ерекшелігі – ол тарихты жақсы біледі. Қазақтың тарихын жақсы біледі. Сондықтан оның тағы бір азаматтығы – тарихты біліп қана қоймай, оны тірілтіп, көрерменге ұсына біледі, кино арқылы көз алдыңа әкеледі, жүзбе-жүз таныстырады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Айдос Бектемір.

«Досекеңнің өнердегі орны бөлек деп есептеймін. Оның өнерге деген адалдығы ғана айшықтап тұрған жоқ. Жалпы, адам бойында айнымас бір тұғыр, үлкен негіз, қалып болады. Сол қалыптың барлығы Досекеңнің бойында бар», – дейді тележүргізуші, Д.Жолжақсыновтың жары Қарагөз Сүлейменова.  

Бүгінгі марапаттау салтанатында актердің кәсіби жолындағы еңбегі, отандық кино және театр өнеріне қосқан үлесі мен шәкірт тәрбиелеудегі тәжірибесі айрықша айтылды. Елбасы мен Президенттің құттықтау хатын жеткізген Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев та өз сөзінде Досхан Қалиұлының ұлттық өнердегі өнегесіне тоқталды. Ал әртістің өзі «Азды-көпті еңбегім еленсе, әуелі халықтың көрегендігінен, жұмысыма берген бағасынан» дейді.

«Сіздерге басымды иемін... Сол өнер шын мәнінде, халықтікі екенін келер ұрпақ, өнер жолына келетін лек сіздер арқылы мойындауы керек», – деді актер, Қазақстанның халық әртісі Досхан Жолжақсынов.

Біршама туындыда басты рөлде ойнаған әртіс «Біржан сал», «Құнанбай» образы арқылы ұлттық кино өнеріндегі тарихи-драмалық жанрды жаңғыртты. Тарихқа оралу арқылы тағдырды асқақтатты. Мұның бәрі әу баста айтқандай, азаматтың мамандық пен ұлт тарихын ұштастыра білуінде.

Мадина Оқас, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров