«Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестріне – 40 жыл. Осыған орай Республика сарайында әуезді, сазды кеш өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сахнада оркестрдің сүйемелдеуімен Жәмила Серкебаева, Азамат Жылтыркөзов, Светлана Айтбаева өнер көрсетті. Нұрғиса Тілендиев негізін қалап кеткен ұжым - тек фольклорлық аспаптарды пайдаланатын елдегі жалғыз оркестр. Алғашында шағын ұжым болып ашылған ансамбль 1982 жылы «Отырар сазы» деген атпен үлкен оркестрге айналды. Оның құрамында 66 музыкант бар. Арасында ардагерлер өнерпаздар да бар.
«Бүгінгі концерт өте маңызды. Бүгін көрермен қатарында оркестрде істеген музыканттар келіп отыр. Папам «Сендер менің балаларымсыңдар» деп айтушы еді, қазір сахнада отыр», – деді «Отырар сазы» академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі Дінзухра Тілендиева.
«Қазақ өнерінің қайталанбас, қастерлі ұжымы. Нұрғиса ағамыз өзі құрған «Отырар сазының» 40 жылдық мерейтойына келіп тұрмын. Өте қуаныштымын. Бұл енді кез келген әнші үшін арман, мұндай керемет ұжыммен сахнада өнер көрсету. Сондықтан 40 жылдық ғұмыры ұзара берсін!», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева.