Жақын күндері әнге бейнебаян түсіріледі
Қазақстандық жас әнші атақты түрік әнін қазақ тілінде шырқамақ, деп хабарлайды Almaty.tv.
Түркияның әйгілі әншісі Мурат Кекили өз төлқұжатына айналған «Bu akşam olurum» (Tutamas) әнін қазақша орындаудың эксклюзивті құқығын «А-Элит» продюсерлік орталығының әншісі Абзал Тасмұханбетке берді.
Instagram парақшасына түрік әншісінің арнайы құжатқа қол қойып жатқан сәтінен видео жариялаған Абзал өз тыңдарманына қуанышты жаңалығын жеткізді.
«Бір кездері хит болған «Тутамас» (Bu Aksam Olurum) әнінің авторы әрі орындаушысы Мурат Кекилли аталмыш әнді қазақша орындаудың эксклюзивті құқығын маған берді. Бұйыртса қазір әннің мәтіні мен аранжировкасын жазуға кірісіп жатырмыз», – дейді Абзал Тасмұханбет.
Мурат Кекилидің 1999 жылы шығарған «Bu akşam ölürüm» атты альбомы үлкен сұранысқа ие болып, ең танымал үнтаспаға айналған еді. Бұл ән тек Түркияда ғана емес, алыс-жақын шетелдерде де хит болып, 2000 жылы Түркияның ең беделді музыкалық марапатын иеленген.
Сондай-ақ, Kral TV Video Music Awards-2000 музыкалық премиясында Мурат Кекили «Жылдың ең үздік рок вокалисты» атағын жеңіп алған.
Абзал Тасмұханбеттің айтуынша, әннің қазақ тіліндегі нұсқасы әдемі махаббат тақырыбына арналмақ.
«Таяу күндерге бейнебаянның түсірілімі жоспарланды. Оның сюжеті де қызық болғалы тұр. Көп ұзамай жаңа туынды қалың көрерменге жол тартады», – дейді ол.
Сонымен қатар, жақында ғана жас әншінің Стамбул қаласында түсірілген «Қош махаббат» бейнебаяны жарыққа шыққан.
Бүгінде Абзал Тасмұханбеттің бірнеше әні отандық телеарналардан көрсетіліп, YouTube-та жақсы қаралым жинады.