Абай – әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш

10.08.2023 23:55

Хакім Абайдың туғанына бүгін 178 жыл толды

Almaty.tv

Хакім Абайдың туғанына бүгін 178 жыл толды. Мерейлі датаға орай, елдің әр аймағында үлкенді-кішілі іс-шаралар ұйымдастырылып, ақын шығармашылығы дәріптеліп жатыр. Мәдени астана – Алматы да бұл айтулы күнде қалыс қалмады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Абай – әдебиетіміздің негізіне қаланған бірінші кірпіш». Міржақып Дулатұлы осылай дейді. Асыл сөзді іздеп, адалдықты көздеп, ерінбей Абайды оқыған көпшілік үшін оның ел мәдениетіндегі орны ерек. Құнанбайұлы дегенде ауызға оралар алғашқы сөз – хакімнің 45 қара сөзі, саз бен сәні келіскен әні, терең толғамды ой, өлеңі. Бірақ біз танитын Абай қалыпқа сыймайды.

– 1885-86 жылдары Шар өзенінің бойында «Қара мола ережесі» деген маңызды құжат қабылданды. Сол құжаттың жазылып, қабылдануына себепші болған, оның авторларының бірі – Ибрагим Құнанбаев. Сол кездің жағдайы түпкілікті билік патшаның ықпалында болғанымен, ұлттық тұрғыдағы әдет-ғұрып молынан ескеріліп отырды, – деді жазушы, публицист Марат Тоқашбаев.

Иә, бұл – Абайдың заң шығаруға қосқан үлесі. Одан бөлек, болыс болғаны, басқару ісінде ұстанымға берік деп танылғаны тағы бар. Оның үстіне, он бес жасында озық шығып, ел ішінде көзге түскен Құнанбайұлы жас қайраткер де еді.

– «Қазақтың бас ақыны» дейтін атақты мақаласында Ахмет Байтұрсынов «Заманнан заман өзгере берер, бірақ Абайдың орны сақталады» деп осыдан 110 жыл бұрын айтып қойған. Сондықтан Абай атамыздың қазақ руханиятындағы, әдебиеті мен мәдениетіндегі орны үлкен. Бізде Іле Алатауындағы Талғар шыңы барлық шыңнан қалай биік болса, Абай да қазақтың биік тұрған алып шыңы, – деді ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Қуантайұлы.

Абай шығармалары әлемнің 60 тіліне аударылған. Көзі тірісінде өзі-ақ жиырмаға жуық ән жазып, қазақ әуен әлеміне де қолтаңба қалдырып үлгерді. Жалпы, Абайды айтқанда аз сөйлемейсің. Ал аты аталса, Әуезов бірден тілге оралады. Абайды Әуезов, Әуезовті Абай танытқан тұста, «ойшыл еңбектерін жете зерттейтін жас буын қалмады ма?» деген қорқыныш бар.

– Әлемдік үлкен өнерді насихаттаймыз деп ұлттық қайнарын әлсіретуге, жоғалтуға болмайды. Сондықтан мен бүгінгі балалар Абайдан соншалықты алыстап кетті дей алмаймын. Абайды танудың жаңа дәуірі басталып отыр, – деді ақын, Мемлекет және қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин

Биыл Абай күнінің ресми бекітілгеніне үшінші жыл. «Әр жылғы 10 тамыз әр қазақтың кеудесінде ұғынықты мереке болуы тиіс» дейді қаламгер қауым. Өйткені өткенін білген елдің келешегі жарқын. Ал ол келешектің қамы - Абайдың әуелгі арманы.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Абай күні: Алматы ғалымдары ақынның қазақ және әлем мәдениетіндегі орны жайлы айтты