Павлодар облысында қола дәуіріне тиесілі жәдігер табылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Археологиялық кешенінде 2 жылдан бері зерттеу жұмыстары жүріп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Павлодар облысында қола дәуіріне тиесілі найзаның ұшы табылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Құнды жәдігерді Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің ғалымдары мен студенттері Май ауданы Ақшиман ауылы маңындағы Көктас-2 археологиялық кешеніне жүргізілген экспедиция барысында тапқан. Сирек кездесетін артефакт біздің дәуірімізге дейінгі XIII-VIII ғасырлардағы Саргарин-Алексеев мәдениетіне жатады. Сондай-ақ жерлеу орындарын зерттеу барысында адам сүйектері, керамикадан жасалған ыдыстардың сынықтары, қолдан жасалған жебелердің ұштары да табылды. Бұл жәдігерлер қажетті зертханалық өңдеуден өтеді.

– Қола бұйымды таптым. Мен үшін бұл - үлкен жаңалық, себебі қола дәуірінде бұл бұйымның құны бүгінгі алтынмен бірдей болған. Қорғанда қоладан жасалған басқа да бұйым табылды, – деді Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің студенті Динара Жаманбаева.

Айта кетейік, археологиялық кешенінде 2 жылдан бері зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Нәтижесінде аймақта 20-дан аса қорған анықталды. Олардың кейбіреуі сақ дәуіріне жатады. Ал биыл 3,5 мың жылдық тарихы бар бірегей ғимараттар мен мыс кені өндіріліп, өңделген шахталар табылды. Павлодар маңындағы Байдала қорымын да зерттеу жалғасып жатыр. Мұнда Қимақ кезеңіне тиесілі жерлеу орындары табылған.

– Зерттеу кезінде қоладан жасалған бұйымдардан бөлек, жануардың сүйектері де табылды. Олар мал шаруашылығымен айналысқан қауымдастық мәдениетіне тиесілі. Жылқы, қошқар, ақбөкен, арқардың сүйегінен жасалған ас үй жабдықтары анықталды, – деді Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Эксперименттік археология зертханасының меңгерушісі Елена Тушева.

Оқи отырыңыз: Славян базары: «Жас өркен» би ансамблі бірінші орын алды

Новости партнеров