Олжас Бектенов газ тапшылығына жол бермеуді тапсырды

Almaty TV
Almaty TV

Елдегі газ өндірісі былтырғымен салыстырғанда 2-3 пайызға жоғары

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда газ өндіру көлемі ұлғайса да, көгілдір отын тапшы боп тұр. Бүгін Үкімет басшысы Олжас Бектенов жаңа газ өндіру, кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестиция тартудың баяу жүріп жатқанын айтып, Энергетика министрлігін сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның үстіне премьер-министр Президент Ұлттық құрылтай отырысында халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту жөнінде тапсырма бергенін еске салды. Осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» қоры 105 миллиард теңге бөлді деген Олжас Бектенов, Энергетика министріне бөлінген қаржының тиімді игерілуін тапсырды. Өзімізге газ жетпей жатқанда көгілдір отынды шетелге заңсыз шығаратындар да азаймай тұр.

– Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегіне сәйкес, сұйытылған мұнай газын шетелге заңсыз шығаруға тырысқан 14 фактінің жолы кесілді. Бұл жұмысты жалғастыру қажет. Тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырамын, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Дегенмен елде газ өндірісі былтырғымен салыстырғанда 2-3 пайызға жоғары. Сонымен қатар тұрғындар тарапынан да газ тұтыну көлемі артқан. Оның үстіне жаңа өнеркәсіп нысандары да іске қосылса, көгілдір отынды пайдалану ұлғаятыны сөзсіз. Бүгінгі жиында Премьер-министр «газ тапшылығына жол бермеу керек екенін ескертіп, Энергетика министрлігіне тапсырма берді.

– Қуат көздерін арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғыртуды және газды барлау мен қайта өңдеуге инвестиция тартуды жеделдету қажет. Үкіметке азаматтардан газбен жабдықтау мәселесіне қатысты көптеген шағым түсуде. Тиісті мекемелер бірінші кезекте халыққа сапалы қызмет көрсетуге жұмылдырылуы керек, – деді ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов.

Оқи отырыңыз: Павлодар облысында қола дәуіріне тиесілі жәдігер табылды

Новости партнеров