«Әуезов пен Айтматов: қырғыз-қазақ руханиятының алтын діңгектері». Алматыда осындай атаумен әдеби сазды кеш ұйымдастырылды. Іс-шара ұлы жазушы, мемлекет және қоғам қайраткері, Қырғызстанның халық жазушысы Шыңғыс Айтматовтың 95 жылдық мерейтойына арналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кездесуге қоғам қайраткерлері мен жазушылар, филология және әдебиет саласының көрнекті өкілдері қатысып, естелігін бөлісті. Конференцияда қазақ пен қырғыз әдеби мұрасының ортақ тұстары айтылып, ғылыми зерттеулер ұсынылды.
– Мен есімнен танып, құлап қалдым. Жедел жәрдем шақырып, алып кетіпті. Шыңғыс Айтматов Брюссельден хабарласып тұр. Ол жақта сағат 05:00 екен. «Мен ұшып барамын» дейді. Ұшып келіп, азаматтық мінез көрсетті. Айтматов кеткелі жалғыз қалғандай сезіндім. Айтматовтай жақын, Айтматовтай аға, дос, бауыр болған емес, болмайды да, – деді Қазақстанның еңбек ері Мұхтар Шаханов.
Көзі тірісінде әлем әдебиетінің классигіне айналған жазушының «Жәмила», «Алғашқы ұстаз», «Боранды бекет», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Қош бол, Гүлсары», «Бетпе-бет» пен «Ақ кеме» сынды туындылары оқырманға кеңінен таныс. Жиынға қатысқандар оның шығармалары шынайы әлеммен байланысты, прозалары ізгілікке толы деп баға берді.
– «Адамзаттың Айтматовы» – қазақ халқының Шыңғыс Айтматовты бағалаған ең жоғарғы бағасы. Шыңғыс Айтматовтың шығармаларын қызығып оқып, қажетін алып жүрген жастарды білемін, – деді «Мұрас» қырғыз этномәдени орталығының мүшесі Гүлипа Гайипова.
Әдеби кешті Алматы қаласындағы республикалық Достық үйі, Қазақстан Жазушылар одағы, «Мурас» Қырғыз этномәдени бірлестігі» қоғамдық бірлестігі, Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры ұйымдастырды.
Оқи отырыңыз: Алдар көсе: балаларға ертегі желісі бойынша қойылым ұсынылды