Димаш Құдайбергеннің алғашқы жеке концертіне әлемнің 68 елінен жанкүйер келді

instagram.com/kudaibergenov.dimash
instagram.com/kudaibergenov.dimash
Концертте баршаның сүйіп тыңдайтын композицияларымен қатар, жаңа туындылар да шырқалады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемнің 68 елінен жиылған жанкүйер. Қазақстандықтар тамсана да, асыға күткен шоу. 23 қыркүйек күні Алматыда алғаш рет жаһанды ерекше, қайталанбас дауысымен бағындыра білген, халқының маңдайына біткен жарық жұлдызы Димаш Құдайбергеннің жеке концерті өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv

Небәрі 2 күннен соң Қазақстанның атын әлемге паш етіп жүрген отандасымыз Димаш Құдайберген алғаш рет Алматыда жеке концертін береді. Шоу Орталық стадионда кешкі сағат 20:00-де өтпек. Жауаптылардың айтуынша, ұйымдастыру ісі жарты жыл бұрын басталған. Ал сахна құру жұмысы 1 аптадан бері жүргізіліп жатыр екен. Бір ғана есімімен бүкіл әлемді дүрліктірген Димаш Құдайбергеннің жеке концертін тек қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған жанкүйерлер асыға күтіп отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, шара өте ерекше форматта өтпек. Әзірге бәрі құпия.

«Димаш» десе ішкен асын жерге қоятын жанкүйерлер қазірден бастап сахна сыртын торып жүр. Жер жаһанның түкпір-түкпірінде миллиондаған фанаты бар әншінің концертіне бұл жолы мұхит асып, 68 елден көрермен жиылыпты. Бәрі де Димашты көруге асық, оның өнеріне тәнті.

«Мен Ұлыбританиядан арнайы келдім.  Димаш туралы алғаш ютубтан білдім, жүздескім келді. Кейін бүкіл Еуропадағы концертіне бардым, Дюссельдорфта да болдым. Қазір міне, Алматыға келдім. Қуанышымда шек жоқ», – деді   жанкүйер Триса Нэвиш (Ұлыбритания)

«Локдаун аяқталғаннан кейін Дюссельдорфта Димаштың концерті өтті. Кейін Прагада болды. Мен Димаш үшін Қазақстанға келдім. Ол – менің сүйікті әншім. Оны жанкүйерлер клубында көретінімді ойласам, бақыттан басым айналады», – деді жанкүйер Беатрис Александр (Бразилия).

Концертті күтіп жүргендердің арасында алматылық жастардан бөлек, зейнеткерлер де бар. Олар тіпті билетті бірнеше ай бұрын сатып алғандарын айтады.

«Билет алдым. Димашты сол Қытайдағы конкурстан орын алғаннан бері білемін. Өте жақсы көремін. Тыңдаймын. Маған барлық өлеңі ұнайды», – деді қала тұрғыны Нағира Сәдуақасова.

«Біз жаңа ғана ұшақтан түстік. Әлі қонақүйге кірген жоқпыз. Бірден стадионға келіп, бізді не күтіп тұрғанын қызықтап жатырмыз. Осы концертке келу үшін 3 ай бойы зейнетақымды жинап, шілдеде билет сатып алдым. Димашты шын жүректен жақсы көреміз. Оның әндері әуезді, дауысы сиқырлы», – деді жанкүйер Ольга Гритченко (Ресей)

Ұйымдастырушылардың айтуынша, билет құны 8 мың мен 40 мың теңге аралығында. Бүгінге дейін 20 мың билеттің барлығы сатылып кетіпті. Алайда Димаштың құлақтан кіріп, бойды алар әнін тыңдауға келем деушілер өте көп. Сондықтан қосымша 4 секторда орындар жасақталып, касса қайта ашылған.

«Біз ауқымды шоу дайындап жатырмыз. Қазір дайындық жұмыстарымен түрлі мемлекеттен келген 200-ден аса маман айналысып жатыр», – деді ұйымдастырушы Екатерина Бажанова.

«Билет сатылымы 14 шілдеде басталды. Небәрі 1 сағаттың ішінде 2 мың билет сатылып кетті. Ал 1 аптада билет мүлде қалмады», – деді ұйымдастырушы Жеміс Исабаева.

«Бұл концерт челлендж секілді. Сахнаға үлкен 3 лэд экран қойылған. Оның идеясы мен мақсаты бір, жаңашылдыққа құрылған. Сөзбен айтып жеткізе алмаймыз, оны көзбен көру керек», – деді концерттің режиссёрі Ваган Сараян.

Айта кету керек, концерт 3 сағатқа созылады деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ қауіпсіздік шаралары қатаң қадағаланбақ. Ал 24 қыркүйек күні сағат 21:00-де Димаш Құдайберген «Алматы арена» спорт кешенінде жанкүйерлерімен кездесу өткізеді. Оған қатысамын деушілерге есік ашық.

Аяулым Көлжігіт, Рашиддин Якупов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров