М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 98-мауысымын ашты

08.09.2023 в 20:36

Биыл театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілмек

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры 98-мауысымын ашты. Ұжым жылдағы дәстүрге сай биыл да қалың көрерменін бірнеше жаңа қойылыммен қуантпақ. Бүгін кешке театрда «Құйын» спектальінің премьерасы өтеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ал жаңа маусым шымылдығы Мұхтар Омарханұлының «Еңлік-Кебек» пьесасына негізделген трагедия жанрындағы қойылыммен түрілді. Қазақтың ұлттық салт-дәстүрін аттап өткен қос ғашықтың сезімін суреттейтін қойылымды сахнаға шығаруға 2 ай кеткен. Спектакль бір жылдан астам уақыт көрермен назарына ұсынылып келеді.

– Бұл классикалық шығармада махаббат, зұлымдық, адамгершілік тақырыбы қозғалады. Билердің айқасы көрсетіледі. Ақсақалдар болған оқиғаға қайғырып, екі жастың махаббатын қорғай отырып, соңында «дала заңынан» аттамау керек деп шешім шығарады, – деді қоюшы режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков.

Жаңа маусымның ашылу салтанаты Алматы күнімен сәйкес келіп отыр. Осыған орай театр ұжымы қалалықтарға концерттік бағдарлама ұсынып, кейіпкерлер шеруін өткізді. Қазақ киносы мен театрына еңбегі сіңген танымал тұлғалар мен актерлер қызыл кілеммен жүріп өтті.

Айта кетейік, ғасырға жуық тарихы бар театр ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілмек. Осыған байланысты алдағы жылы қаңтарда мәдени ошақ уақытша жабылады. Театр басшылығы ғимарат жабылғанымен, шығармашалық жұмыс тоқтамайтынын айтты. Ол күндері ұжым гастрольдік сапармен өңірлерді аралауды жоспарлап отыр.

– 2026 жылы болатын театрдың 100 жылдығына дайындық басталды. Алла төзім беріп, бәрімізді аман қылып, шығармашылықтан қол үзбей, көрерменнен адасып қалмай атқаратын үлкен шаруаны жоспарлап отырмыз, – деді  М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының директоры Еркін Жуасбек.

Оқи отырыңыз: Алматыда Kitap Fest Almaty 2023 кітап фестивалі қалай өтеді