Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері: Алматыда II халықаралық ғылыми форум өтті

15.03.2024 19:51

Жиын түркітілдес халықтардың этникалық тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауды мақсат тұтқан

Almaty.tv

Ұлттық мәдениетті мұражайлар арқылы дамыту. Алматыда «Ұлы даланың ұлттық дәстүрлері» II халықаралық ғылыми форумы ұйымдастырылды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ұлыстың ұлы күніне орай Ықылас халық аспаптары мұражайында өткізілген жиын түркітілдес халықтардың этникалық тарихы мен мәдени мұрасын насихаттауды мақсат тұтқан. Бірлестік өкілдері мен қатысушылар мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы музейлердің мүмкіндігін сөз етті.

– Музейлердің атқаратын орны ерекше. Салт-сананы, тарихи-мәдени мұраны насихаттайды, сақтайды. Оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізеді. Осы мақсатта барлық музей басшыларының басын қосып, іс-шараны өткізуді жөн санадық, – деді  «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК директоры Ләззат Сағындықова.

– Бүкіл түркі халықтарын біріктіретін мұражай ісін дамытып, байланыста болу үшін осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұруымыз керек. Өйткені еліміздің басшылары ХХІ ғасырды түркі әлемінің ғасыры деп жоғары бағалады. Ол үшін барлық түркі елдері, түркі тілдес халықтар бірлесе жұмыс істеуі керек, – деді Түрксой музейлер қауымдастығының бас үйлестірушісі Джавид Мовсюмлю.

Оқи отырыңыз: Алматы облысында «Ұлы дала дәмі» ұлттық жобасы бастау алды