Алматыда Оразақын Асқарды соңғы сапарға шығарып салды

Алматыда Оразақын Асқарды соңғы сапарға шығарып салды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін қазақ жұрты ақын Оразақын Асқарды ақтық сапарға шығарып салды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Ерен еңбегі үшін», «Тәуелсіздіктің 10 жылы»сынды көптеген медальдардың иегері атанған ақын айналасына тек адалдықтың, тазалықтың, адами қасиеттердің үлгісін көрсетіп, өмір сүрді.

84 жылдық ғұмырында қазақ әдебиетіне ерінбей еңбек еткен ақын Шығыс Түркістанда дүниеге келген. Өмірінің 60 жылын атамекенінде өткізген қаламгер сондай-ақ, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, этнография және археология институтында, Қазақстан Жазушылар одағы, Кітап палатасы, «Жалын» баспасы сынды ірі ірі мекемелерде қызмет етті.

«Оразақынның өлеңін оқымайтын мектеп жоқ. Жастардың бәрі біледі. Бұл кісі сол балалардың айтатын тіліне орай, жасына орай, әр мерекеге сондай тақырыптарды таба білген адам. Бұл кісінің еңбегі өшпейді деп ойлаймын. Кешегі шығарған, жинақтаған қара өлеңдері, Тәуелсіздікке арналған, осы «Жалын» баспасынан бұл кісінің 4-5 томдық жинағын шығардық. Аяғына дейін шығарып үлгере алмадық. Аудармасының өзі бірнеше кітап болады», – деді жазушы Бексұлтан НҰРЖЕКЕЕВ.

Ақын «Әдеби мұра» бағдарламасына орай, «Әлем балалар әдебиетінің» қазақ тіліндегі елу томдығын шығару жұмысына атсалысқан. «Тұңғыш», «Мейірім», «Күнгей», «Ләйла», «Көкорай», «Балқарағай», «Белжайлау» «Орбұлақ» және «Тәуелсіздік тартулары» сынды шайырдың он беске жуық жыр жинақтары жарық көрді. Қазақтың қара өлең түрлерін ұзақ жылдар бойы ел ішінен жинап, жиырма мың жолдық екі кітабын жариялады.


Новости партнеров