Алматыда «Қасымның әндері-ай» атты жинақтың тұсауы кесілді

Almaty.tv
Almaty.tv
Ән-жинақ Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына орай жарық көрді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда «Қасымның әндері-ай» жинағының тұсауы кесілді. Ән-жинақ қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың туғанына 110 жыл толуына орай жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.   

Хас таланттың жырларына жазылған әндерді белгілі әнші Гүлбаршын Тергеубекова бір күйтабаққа топтастырыпты. Жинаққа бұрын орындалып жүрген және жаңа жазылған 24 ән енген. Шараға белгілі өнер және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.  

«Осындай шаралар өте қажет. Мысалы, біз Қарағанды облысында 10 жыл сайын ол кісінің мерейтойларын өткіземіз. 100 жылдығы да ерекше өткен еді. Қарағанды қаласында үлкен ескерткіш бой көтерді. Бұрынғы Кривогуз деген көше қазір Қасым Аманжоловтың атына берілген. Ол жерде қазір жастар көп жиналады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қарағанды қаласының құрметті азаматы Рымбала Омарбекова.

Биыл Қасым Аманжоловтың мерейтойына орай еліміз бойынша ірі іс-шаралар ұйымдастырылды. Ақынның кітаптары басылып, мүшәйралар өтті. Туған жері Қарағандыда Қасым үйі ашылды.  

«Қасым Аманжолов – қазақ поэзиясында төңкеріс жасаған тұлға. Адам жанына үңілу, оның ішкі иірім, қайырымдарына арналған нәзік лирикалары қазақ поэзиясында жаңа бағытты туғызуға әсер еткен алып тұлға», – деді ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман.

Новости партнеров