Сәбит Мұқанов атындағы мұражай-үй қайта ашылды

05.09.2023 20:55

Қонақтар «Шоқан мұрасы» атты жылжымалы көрмені тамашалады

Almaty.tv

Алматыда қазақтың әйгілі жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың мұражайы 23 жылдан кейін жөндеуден өтіп, есігін қайта айқара ашты. Музейдің таныстырылымы ұлы тұлғаның 120 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бастамаға қала әкімдігі мен мәдениет басқармасы және Алматы қаласы музейлер бірлестігінің мұрындық болды. Реставрациялау жұмыстарынан кейін мекемеге заманауи технология орнатылып, 8 мыңнан астам экспонат қойылды. Оның 4 мыңы ақынның кітабы мен қолжазбасы.

Айта кетейік, мұражай 1978 жылы ашылып, 2000 жылы жазушының 100 жылдығына орай жөндеу жұмысы жүргізілген еді.

– Экспозиция жаңартылғанда фотосуретті қабырғаға іліп, түсіндіру уақыт алатын. Ал қазір 100-ден аса фотосуреті тақырып бойынша жүйелеу жеңіл. Сенсорлы экран арқылы Сәбит Мұқановтың сөйлеген сөзі, түскен фильмі, берген сұхбатын көрсетуге болады, – деді С. Мұқановтың әдеби-мемориалдық мұражай үйінің аға ғылыми қызметкері Әділғазы Қайырбеков.

Мұражайдың салтанатты рәсімінде қазақтың ұлы ғалымы, шығыстанушы, этнограф Шоқан Уәлихановтың «Шоқан мұрасы» атты жылжымалы көрмесі қойылды. Ұйымдастырушылар «бұл – есігін қайта ашқан музейде өткен ең алғашқы шара» дейді. Онда Шоқан Шыңғысұлының қолданған заттары мен тапаншасы, парша белбеуі, ордендері мен хаттары көпшілік назарына ұсынылды.

– Жыл сайын Алматы қаласына келіп, Шоқанға қатысты музейде жылжымалы көрме ұйымдастырамыз. Көрменің мақсаты – Шоқанның өмірі мен қызметін қала тұрғындарына насихаттау. Бүгін музейдің ашылу салтанатына келіп отырмыз, біздің музейде Сәбит Мұқановтың бөлімі бар. Ол кісілерді шоқантанушы деп білеміз, – деді Ш. Уәлиханов атындағы «Алтын емел» мемориалдық мұражайының меңгерушісі Марал Рахатова.

Оқи отырыңыз: Ұлт ұстазы ұлықталды: бүгін - Қазақстан халқының тілдер күні мерекесі