Шығармашыл жастарға мүмкіндік беретін осындай шара өткізуде қала әкімідігінің қолдауы көп
Алматы жастары көңілді тапқырлар алаңында бас қосты. «Бас Лига – 2020» КВН ойындарына студенттерден құралған 70 команда қатысты деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
4 күн бойы іріктеу кезеңі жүргізіліп, гала-концертке 20 команда жолдама алды. Мақсат – жас таланттарға жол ашу, үлкен өнерге бағыттау.
«КВН бұл тұрғыда үлкен мектеп» дейді ұйымдастырушылар.
Бас лиганың бұл жолғы ойыны Өмірбек Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өтті. Ойын шымылдығын «Тайлақбаев» командасы ашты. Олар өткен жылы 600-ге жуық команда қатысқан халықаралық ойында жеңімпаз атанған. Құрылғандарына көп уақыт болмаса да, бағындырар белес көп дейді.
«Сочиде енді басқа атмосфера. Басқа рейтинг. Бізге «жоғарғы дәрежелі» номинациясын берді», – дейді «Тайлақбаев» командасының мүшесі Бексұлтан БІЛӘЛ.
«600 команданың ішінде біз де болдық. Оның ішінде 100 команда жоғарғы дәрежеге қол жеткізді. Соның ішінде біз де бармыз. Ол – жақсы көрсеткіш», – дейді «Тайлақбаев» командасының мүшесі Абзал КАМБАРОВ.
Осы ойыннан «Талдық» командасы үздік деп танылды. Енді олар биыл Сочи қаласында өтетін халықаралық КВН ойынына Қазақстанның намысын қорғап барады. Шығармашыл жастарға мүмкіндік беретін осындай шара өткізуде қала әкімідігінің қолдауы көп дейді ұйымдастырушылар.
«Болашақта танымал, елімізге пайдасын тигізетін шығармашыл азаматтар шығатын бір алаң болады деп сенеміз. Алматы арнасы оңтүстік астананың басты арнасы болғандықтан, осындай шараларды қолдап жүргені қуантады. Сіздерге көп рахмет!» – дейді «Бас лига-2020» КВН ұйымдастырушысы Марат ОРАЛҒАЗИН.
Ойын барысында жастар қоғамдағы өткір мәселелерді әзілмен астарлап, көрерменнің көңілінен шыға білді. Көпшілік көрермен КВН-ның толық нұсқасын 7 наурыз күні Алматы арнасынан сағат 20:00-де көре алады.
Ұлағат Арғын