Алматыда V Республикалық «Ділмар» шешендік өнер байқауы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
2018 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін сайыстың басты мақсаты – аталы сөздің абыройын асқақтату. Абай атындағы республикалық мектеп-интернатында ұйымдастырылған байқауға еліміздің 12 облысы мен 3 ірі қаласынан 24 қатысушы келді. Әр өңірдің үздіктері іріктелген жарыста шын жүйрікті анықтау үшін арнайы әділқазылардың төрелік тобы құрылған. Жүлде қоры қомақты байқауға кәсіпкерлер қолдау білдіріп, қаржыландырған.
– Биылғы байқаудың ерекшелігі – ұрымтал тұста ұтымды сөз таба алатын тапқырлықты, ойдың ұшқырлығын, ақыл-парасатты сынға салу, сыннан өткізу. Яғни, бұған дейінгі сайыстарда алдын ала тақырыптарды беретін болсақ, бұл жолы дайындалатын мазмұнды ғана бағыттап, тақырыпты қатысушылар жеребені таңдау арқылы алып, бірден сайысқа түседі, – деді «Ділмар» республикалық шешендік өнерді дамыту клубының президенті Жарқын Сәленұлы.
– Маңғаз Маңғыстаудың батасын алып келдім. Соңғы 1-2 жылдың ішінде шешендік өнер мені қатты қызықтырды. «Ділмар» шешендік өнер байқауына қатысып, сөз саптауымды одан әрі дамытқым келді. Сонымен қатар көненің көзі болған шешендердің жолын жалғастырғым келді, – деді қатысушы Әсел Ауғанбай.
Оқи отырыңыз: Білім саласында соңғы бір жылда не өзгерді