Ресейдің мемлекеттік архивінен Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың құжаттар табылды

Almaty.tv
Almaty.tv
Құжаттар жинағы жыл соңында жарыққа шығады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресейдің мемлекеттік архивінен ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың құжаттар табылды. Бұл туралы бүгін еліміздің архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұрағат саласындағы ынтымақтастық аясында өткен Қазақстан-Ресей комиссиясының отырысында 1927 жылғы ашаршылық пен Екінші дүниежүзілік соғысына қатысты жаңа деректер жинақтары жарық көретіні белгілі болды. Кездесу кезінде екі ел архивистері құжаттардың сақталуын қамтамасыз ету, оларды реставрациялау және электрондық форматқа көшіру мәселелері бойынша тәжірибелерін бөлісті.

Мұрағат саласының басы-қасында жүрген Гүлзира Қарсақбаева осыдан бір апта бұрын Мәскеуде Ахмет Байтұрсынұлына қатысты тың дерек табылғаны туралы ақжолтай хабарды жеткізді. Мәліметтер үлкен жобаға айналып, құжаттар жинағы жыл соңында жарыққа шықпақ.  

«Ахмет Байтұрсыновқа қатысты көптеген құжаттар Ресей мемлекеттік архивінде анықталды. Қазір Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты құжаттар жинағы дайындалып жатыр. Қазір олар бізге қолжетімді. Екіжақты келіссөздер арқылы соларды алып жатырмыз, көшірмелерін. Біз әлі жариялаған жоқпыз, өйткені оны біз ғылыми айналымға енгізу керекпіз. Оған сараптама жасау керек. Содан кейін барып ресми жарияланады», – деді ҚР Архив істері және құжаттаманы басқару комитеті төрағасының орынбасары Гүлзира Қарсақбаева.

Архивистер құжаттарда қандай деректер барын әзірге айта алмаймыз, алайда онда ұлт ұстазының қызметі мен жеке өміріне қатысты мәліметтер болуы мүмкін дейді. Тұлға туралы жаңа ақпаратты бұрынғы білім және ғылым министрлігі сұратқан. Қазір мамандар оларды сараптауға кірісіпті. Сондай-ақ архив ісі саласындағы халықаралық ынтымақтастық негізінде Ресейден биыл 1927-1934 жылдардағы ашаршылыққа қатысты да тың деректер алынған.

«Бірлескен жұмыстар кезінде сол жылдары болған оқиғалардың жалпы көрінісін жан-жақты жинау біз үшін маңызды болды. Ресей мен Қазақстанның сол кездегі қатынасына қатысты объективті материалдар жиналды. Қандай мәселелер болды, ашаршылықтың зардабы қандай болды, бәрі қамтылады. Мыңға жуық дерегі бар екі томдық жинақ жасалды. 50 пайыздан аса құжат алғаш рет биыл жарық көреді», – деді Ресей федералдық архив агенттігі басшысының орынбасары Андрей Юрасов.

Тағы бір тарихқа қатысты ауқымды жоба – Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан қазақтар туралы. Мыңнан астам бірегей құжат екі том болып жыл соңында жарияланады. Соғыс жылдарына қатысты үлкен көлемдегі жаңа деректер ғылыми айналымға алғаш рет енбек. Бұл –тарихшылар үшін таптырмас дереккөз.

Назкен Еркін, Жақсылық Тілепберген «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров