«Тәуелсіз елдің ұланымыз». Дәл осындай атаумен Сапарғали Бегалин атындағы балалар кітапханасында квест-ойыны өткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Сапарғали Бегалин атындағы кітапхананың 70 жылдық мерейтойы аясында өткізіліп жатыр. Кітапхана квесі жас оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталған дейді кітапхана қызметкерлері.
«Бүгін барша
кітапханашылар төл мерекесін тойлауда. Кітапханашылар – балалардың кітапқа деген құмарлығын
арттыруға ерекше үлес қосатын жандар. Бүгін біздің кітапханамызға ең белсенді
оқырмандар келіп, ойынға қатысуда. Біз олардың ата-анасына кітаптың
маңыздылығын өз балаларына түсіндіріп, кітап әлеміне жетелегендеріне алғыс
айтамыз», - деді кітапхана жетекшісі Алма Қонарова.
Арнайы дайындалған 4 тақырыптық алаңда оқырмандар Қазақстан картасы бойынша пазлдардан «Туристерге арналған жолсілтеме» құрастырып, арт-қоқыстан бетбелгі жасап, қазақ және орыс ертегілерінің кейіпкерлері туралы видео-викторинаны шешеді.
«Бүгінгі іс-шарадан өте көп қызықты оқиғаны басынан кешіріп, жақсы сезімге бөленеді деп ойлаймыз. Іс-шараның соңында балаларды тәтті тосын сый күтіп тұр. Сонымен қатар, әр бөлімде өздері қолмен жасаған заттарын алып кетеді», – деді кітапханашы Гүлжан Әбішева.