Алматыда Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен мемлекеттік «Сәлем, Елорда» өнер фестивалінің концерті өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірлерден келген өнерпаздар Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының сахнасында ән шырқап, көрерменге ерекше көңіл-күй сыйлады. Аталмыш өнер шеруі Тәуелсіздіктің 30 жылдығына, сондай-ақ жыр алыбы Жамбылдың 175 жылдығына арналды.
Өнер фестивалінің негізгі көздеген мақсаты жайында осы өнер шеруін ұйымдастырушысы Жеңіс Сейдуллаұлы жауап берді.
«Мақсат біреу – қазақтың өнерін жақсы насихаттап, әлемге паш ету. Тек қана біздің елімізге ғана емес, әлемнің кез-келген аренасында қазақ өнері үстем болып тұру керек. Әлемге паш ету үшін әрбір өңірден таланттарды іздеп жатырмыз. Жер-жерде болып жатқан дүниелердің бәрін біліп, сараптама жасап жүреміз. Әр өңірдің мәдениет басшыларымен байланыстамыз. Олармен бірге жиын өткізіп, тәжірибе алмасамыз», – деді ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдуллаұлы.