Қазақстанның 100 жаңа есімі: оқушылар жеңімпаздармен кездесті

23.10.2023 21:09

Мақсат – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу

Almaty.tv

Алматыда Республика күніне орай «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпаздарымен кездесу өтті. Ақын Ержан Жұмабекұлы мен ғалым, аудармашы Қуаныш Жұмабекұлы игі іс-шараның қадірлі қонағы болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ағайынды Жұмабектер – «100 жаңа есім» жобасының жеңімпаздары. Қуаныш жобаны 2017 жылы жеңіп алса, ақын Ержан 2018 жылы үздіктердің қатарынан көрінген. Орыс, ағылшын, түрік тілін жетік меңгерген Қуаныш Жұмабекұлы тіл тазалығына аса мән беру керек екенін айтты.

– Мен – тіл маманымын. Ағылшын тіліне қазақ ертегілерін, түрік тіліне поэзияны аудардым. Осы «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атандық. Көркем аударма және дұрыс сөйлеу, дұрыс жазу, яғни орфография, орфоэпиялық нормалары еңбек жазып жүрміз, – деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Қуаныш Жұмабекұлы.

Ержан Жұмабекұлы «жастайымнан қаламгерлердің шығармасын жаттауды әдетке айналдырдым» дейді. Ол мектеп қабырғасынан өлең жазып, бүгінде ақындар мүшәйрасында жүлделі орындарды қанжығасына байлап жүр.

– Толық адам ілімі, ар ғылымы туралы айтқан Абай Құнанбаев «Болмасаң да, ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» дейді. Мен докторлығымды Түркияда түрік тілінде қорғадым.  Руханият саласында елдің дамуына үлес қосып жүрмін деген ойдамын, – деді «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы Ержан Жұмабекұлы.

Ағайынды жеңімпаздар Алатау және Наурызбай ауданындағы мектеп оқушыларымен кездесті. Рухани жиынды ұйымдастырудағы басты мақсат – өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу.

– Жас ақындар Ержан және Қуаныш Жұмабекұлымен кездесу ұйымдастырып отырмыз. Ақындардың шығармашылығында жастарды шабыттандыратын патриоттық өлең, отансүйгіштікке баулитын шығарма көп, – деді Алатау ауданы білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Ақмырзаева.

Қуаныш Жұмабекұлының мақалалары отандық және шетелдік ғылыми журналда жарияланып жүр. Ал Ержан қазақша-түрікше әндердің сөзін де, әуенін де өзі жазып, өзі орындайды. Түркиядағы өнерпаздар да ақын-сазгердің шығармашылығына жоғары баға беріп келеді.

Гүлмарал Изатқызы, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Астанада «Менің елім – менің туым!» челленджі басталды