Досаев: Ескерткіш тақта орнату – құрмет пен тағзымның белгісі

Almaty.tv
Almaty.tv
Алматыда Шора Шамғалиұлы, Болат Шамғалиұлы және Талғат Болатұлы тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін Алматыда Сарыбаевтар әулетінен шыққан белгілі үш тұлға тұрған үйдің қабырғасына мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv.


Шора Шамғалиұлы – көрнекті ғалым. Ардақты тұлға 200-ден астам ғылыми мақала мен оқулықтың авторы. Ал Болат Шамғалиұлы халқымыздың көне музыкалық аспаптары мен дәстүрлі қазақ музыка мәдениетінің дамуына ерекше үлес қосқан. Ол ұмыт бола бастаған төл өнерімізді қайта жандандырған. Кіші інісі Талғат Болатұлы әйгілі «Гүлдер» және «Арай» ансамблінің жетекшісі болған. «Ескерткіш тақта орнату – бұл құрмет пен тағзымның белгісі» деді көпшілік алдында сөз сөйлеген Алматы әкімі Ерболат Досаев.

– Осы үйде қазақ тіл білімінің шырақшысы, Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Шора Шамғалиұлы Сарыбаев, ұлттық музыка аспаптарының зерттеушісі, профессор Болат Шамғалиұлы Сарыбаев, қазақ музыкасының белді өкілі, танымал сазгер Талғат Болатұлы Сарыбаев тұрды. Олар өскелең ұрпаққа баға жетпес рухани мұра қалдырды», – деді Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев.

Іс-шарада Сарыбаевтар әулетінен шыққан ардақты азаматтардың көзін көргендер естелік айтты. Үшеуі де өз саласында кіл мықты атанып, еліміздің мәдениеті мен музыкасының дамуына өлшеусіз үлес қосқан. Ал бұл үйде олар ел марқасқаларымен бірге тату-тәтті өмір сүрген екен.

– Бұл үйде ұлы композиторлар Ахмет Жұбанов және қызы Ғазиза Жұбанова, театр өнерпазы Әзербайжан Мәмбетов, ғұлама ғалымдар Нығмет Сауранбаев пен Зейнолла Қабдолов, күміс көмей әнші Ермек Серкебаев, қаламгер Жұмағали Смағұлов, радио мен теледидар саласының басшысы Хамит Хасенов тұрған, – деді Ш.Сарыбаевтың ұлы Қайрат Сарыбай.

Новости партнеров