Талантты жастарды танытқан «Азия дауысы» байқауы жанданды. Орталық Азиядағы ең беделді музыкалық фестиваль 20 жылдық үзілістен кейін қайта өткізілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Медеу мұз айдыны кешенінде жобаның ашылу салтанаты ұйымдастырылды. Сахнада эстрада жұлдыздары мен «Жас қанат» байқауының жеңімпаздары өнер көрсетті.
Еске салсақ, фестиваль ең алғаш 1990 жылы басталып, 2004 жылға дейін дәстүрлі түрде өткізіліп келген еді. Енді талай талантты әлемге танытқан байрақты бәсеке қайта жалғаспақ.
– «Азия дауысы» елімізде алғаш өткізілген кезде мен журналистика саласындағы мансабымды енді бастап жатқанмын. Сол кезде осы жобаның редакторы болдым. Енді, міне, көрерменің ыстық ықыласына бөленген жобаны қайтадан қолға алып жатырмыз. Биыл ашылу салтанатын өткіземіз. Ал келер жылдан бастап әлем елдерінен қатысушыларды іріктеп, жоба жасаймыз, – деді фестивальдің бас продюсері Арманжан Байтасов.
Айта кетейік, 1990 жылы да «Азия дауысы» байқауы Медеу мұз айдыны кешенінде өткен еді. Оған әлемнің 15 елінен өнерпаздар келіп, өзара бақ сынаған. Ұйымдастырушылардың сөзінше, алдағы уақытта қайта жанданған жобаның ауқымы мен мазмұны кеңеймек.
– «Жас қанатты» жеңген адам «Азия дауысында» Қазақстанның атынан өнер көрсетеді. Соны естіген кезде өте қатты қуандым. «Азия дауысы» қайтадан жаңғырып жатыр. Осы байқауға қатысып, еліміздің туын желбіретуге дайынмын, – деді «Жас қанат-2023» байқауының жеңімпазы Ерназар Жұбан.