Жезтырнақ: Алматыда жаңа жанрда фильм түсіріліп жатыр

13.06.2024 21:14

Фильмде Сағызбай Қарабалин, Асан Мәжит сынды шеберлер төбе көрсетпек

Almaty.tv

Алматыда қазақстандық көрерменге таңсық, жаңа жанрдағы фильм түсіріліп жатыр. Кинотуынды қазақ мифологиясының кейіпкері «Жезтырнақ» жайлы аңыз-әңгімелерге негізделген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жезтырнақ – мультижанрлық фильм. Онда фэнтези, экшн, хоррор мен комедия элементтері бар. Идея авторы «кинотуындының түсірілімі оңай болмады» дейді. Оның үстіне, көріністердің көбі қараңғыда түсірілген.

– Бірнеше жанрды бір картинада біріктіру – біз үшін жаңа тәжірибе. Мен комедия жанрындағы кинотуындылардың продюсері болдым. Халықаралық аренаға шығатын фильм деп жоспарлап, жобаны қолға алдық. Әрине, оңай болып жатқан жоқ, – деді фильмнің продюсері Сәбит Рахимбаев.

Сценарий жазу, түсірілім тобын жинау, кастинг пен актерлік құрамды бекітуге жарты жыл уақыт кетіпті. Фильмде Сағызбай Қарабалин, Асан Мәжит сынды шеберлер төбе көрсетті. Ал басты рөлді сомдайтын Есентай Ниязбаев, Динара Мирасбек үшін жоба - жаңа тәжірибе.

– Бұл – бірінші полнометраждағы кином. Басты рөлде ойнаймын. Кәсіби мамандар жиналған, – деп хабарлайды актер Есентай Ниязбаев.

– Фильм өте күшті түсіріліп жатыр. Түсірілім былтыр күзде басталған. Жұмыс 2 маусымнан қайта жалғасуда. Жоба ерекше, өзіңді басқа қырыңнан көрсете аласың. Өте қатты ұнады, сценарий өте жақсы жазылған, – деді актер Ербол Әлмұхан.

Сондай-ақ түсірілім алаңында Nomad Stunts каскадерлер тобы бой көрсетті. Жаңа жанр – жаңа тәжірибе екенін айтады. Олар жоба үшін арнайы трюктар қойып, жарты жыл дайындалған.

– Он үш адам бар, тоғызы ер адам болса, қалғаны қыздар. Төбелес ерекше болғандықтан, аздап қиындық тудырды. Бұл жерде жұдырықпен ұру жоқ. Сол үшін іздендік, – деді Nomad Stunts каскадерлер тобының мүшесі Еркебұлан Сүлейменов.

Айта кетейік, фильмнің түсірілімі аяқталуға жақын. Қазанның соңында көпшіліктің назарына ұсынылады деп жоспарланып отыр.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Almaty TV арнасына – 25 жыл