Фестивальға Еуропа елдерінен 16 фильм ұсынылып отыр
Еуропалық одақтың 16 елінен ұсынылған кино туындыларының арасында әр түрлі жанрдағы «Сезар», «Давид ди Данателло», «Хрустальный медведь» сияқты халықаралық марапаттардың жүлдегерлері бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кинофестивальдің мақсаты – басқа елдермен ынтымақтастықты нығайту, жаңа байланыс орнату, пікір алмасу арқылы еліміздің кинемотографиясын халықаралық стандарттарға сай деңгейге жеткізу. Үш күнге созылған фестивальдің кинокөрсетілімдері Mega park-те орналасқан «Chaplin» кинотеартында өтіп жатыр. Көрермендер «Үміт кеселі», «Диамантино», «Рэй және Лиз», «Шек», «Қысқы шыбындар» фильмдерін тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл шара елімізде осымен төртінші рет өткізіліп отыр.
«2019 жылдың Еуропа кинофестивалі шеңберінде Еуропа елдерінің 16 елінен 16 фильм ұсынылып отыр. Биылғы жылдың ерекшелігі тек қана фильмдердің көрсетілімдері ғана емес, сонымен қатар Еуропадан тікелей фильмдердің авторлары, бірнеше режиссерлерді шақырып, аталған кісілердің жас кинематографистер, студенттер және барлық қызығушылық танытатын адамдарға киноны шығару үрдісі, документалистикадағы жаңа әдістемелері сияқты сұрақтар бойынша мастер-класстар өткізеді», – деді Қазақстандағы Еуропалық одақ өкілдігінің баспасөз хатшысы Елнар БАЙНАЗАРОВА.
Қазақстандағы кинофестивальге Ренарс Вимба әлемнің 60-тан астам елінде көрсетіліп, 40-тан аса номинацияға ие болған «Mellow mud», қазақшада «Мен осындамын» деп аталатын туындысын алып келген.
«Сюжет жағынан қарастырсақ, бұл – ересек өмірге енді ғана қадам басқан жасөспірім қыз, оның есеюі, өмірге деген қарым-қатынасы туралы кино. Ал егер тереңірек қарастырсақ, бұл ол қыз туралы ғана емес, жалпы ата-ананың балаларын тастап кетуі мәселесін қозғайды. Егерде ата-ана балаларға көңіл бөліп, қарай алмаған жағдайда бала сол ата-ананың рөлін өзіне алады. Өзі ата-ана болуға мәжбүр болады», – дейді латвиялық режиссер Ренарс ВИМБА.