Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезовтің мерейтойы: Алматыда ауқымды жиын өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Мұхтар Әуезовтің «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» кітабы мен «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» атты жинақ жарық көрді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл ұлт ұлылары Ахмет Байтұрсынұлы мен Мұхтар Әуезовтің мерейтойы. Осыған орай, бүгін Ұлттық кітапхананың төрінде халықаралық конференция өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Ұлылар үндестігі». Осылай аталған ғылыми жиында қос арыстың шығармашылық жолы, өмірдегі қилы белесі кең тарқатылды. Конференцияның басты жаңалығы – Мұхтар Әуезовтің «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас кітабы мен «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» атты жинақтың жарық көруі болды. Аталған екі туынды да халықаралық түркі академиясының қолдауымен жарыққа шығып отыр.

«Бүгін тұсауы кесілген кітаптың алғашқысы «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» деп аталады. Ол үш тараудан тұрады. Екінші кітап бұдан 98 жыл бұрын 1924 жылы жарық көрген «Қазақ білімпаздар съезін» қайта басып отырмыз. Бұған Ахмет Байтұрсынұлы ұйытқы болған және Алаш қайраткерлері қатысқан», – деді  халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі.

Биыл 150 жылдығы аталып өтілетін Ахмет Байтұрсынұлының атында қазір Тіл білімі институты мен жуырда коммуналдық меншікке өткен музей-үй бар.  Сондай-ақ мерейтой қарсаңында ұлт ұстазына Алматыда еңселі ескерткіш ашылмақ. Ал жиынға қатысушылар «Ұлт өркениеті жолында тер төккен Алаш азаматтарының мерейлі датасы бекерден бекер қатар аталып отырған жоқ» дейді.

«1923 жылы сол кездегі Қазақстанның астанасы Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 50 жылдық мерейтойы аталып өтілген болатын. Сол мерейтойда Мұхтар Әуезов баяндама жасаған болатын. Осы екі ұлы тұлғаның мұрасы, оларға қатысты құжаттар біздің архивтің қорында да сақталады», – деді  ҚР Орталық мемлекеттік архивінің директоры Сәбит Шілдебай.

Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығы мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы тек ел ішінде емес, жалпы түркі дүниесінде кеңінен аталып өтілмек. Бүгін мәдениет астанасы Алматыдан бастау алған халықаралық конференцияның легі енді Бішкек, Стамбул, Ташкент, Баку мен Орынборда, сондай-ақ Будапешт қаласы мен Чехия мемлекетінде жалғасын табады.

Мадина Оқас, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров