Кітап екі бөлімнен тұрады
Мемлекет және қоғам қайраткері, ғалым-лингвист Нұртас Оңдасынов туралы кітап мың дана болып төртінші рет басылып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін жинақты жазған белгілі журналист, жазушы Гүлсім Оразалықызы туындыны қалың көпшілікке таныстырды. Тұсаукесерге ақын-жазушылар, әдебиеттанушылар мен жастар қатысты. Автордың айтуынша, кітап екі бөлімнен тұрады. Бірінде Нұртас Оңдасыновтың өзі жазып кеткен деректері мен тіл, салт-дәстүр жайындағы зерттеулері жазылса, екінші бөлімінде, қайраткердің көзін көрген, өнегесін алған азаматтардың естеліктері топтастырылған.
«Бұл естеліктердің жиналғанына 15-20 жыл өтіп кетті. Қазір кітапта 40 адамның естелігі бар. Соның бір-екеуі ғана көзі тірі, қалғанының бәрі о дүниелік болып кетті. Сол кісілерден естелік жазып үлгеріп қалғаныма қуаныштымын», – деді журналист, жазушы Гүлсім Оразалықызы.
Елге еңбегі сіңген тұлғаларды келер ұрпақ білсе, таныса деген Гүлсім Оразалықызының ниетті бар. Биыл жазушының 70 жылдық мерейтойына орай өзге де қайраткерлер туралы зерттеулері мен жинақтары жарыққа шықпақ.
«Тілі өте шұрайлы. Жалаң мәлімет ғана емес, отбасы, жеке өмірі, Қазақстан, қазақ халқы, өнері, мәдениеті, қазақ ғылым үшін қандай еңбек етті, бүге-шүгесіне дейін терең зерттеп, архив ақтарып, көпшілікке ұсынып отырады. Мен риза боламын», – деді Қазақ радиосының ардагер дикторы Аманжан Еңсебаев.