Рахымжан Отарбаевтың шығармасы сахналанды

 Almaty.rv
Almaty.rv
Бұл – М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театры шығармашылық тобы ұсынған соңғы қойылым
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда алғаш рет белгілі жазушы Рахымжан Отарбаевтың «Жалғыздық» әңгімесі бойынша қойылым сахналанды, деп хабарлайды Almaty.rv тілшісі.  

Қойылымда бала күнінде анасынан айырылып, есейгенде оны іздеп, сағынған ер адамның образы сомдалады. Жалғыздық күйін кешкен шерлі адамның жалғаннан жалыққан жан күйзелісі суреттеледі. Сөзі аз, ой иірімдері басым. Терең ойлы қойылымды көрерменге ұсынған Атырау облыстық академиялық драма театрының шығармашылық тобы Алматыға 5 спектакль әкелген. Гастрөлдік сапарларының соңын осы «Жалғыздықпен» аяқтады.

«Жалпы бұл кісі өмірінің соңғы жағында жалғыздық туралы көп жазған. Кішкентай кезінде анасы қайтыс болған екен. Соны көп айтушы еді. Шығармасында анасын іздеуі, елегізуі көп айтылады», – деді  М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының режиссері Мұқанғали Томанов.

«Қанша жерден айналамыз толып жүрсе де адам бір жалғысырайтын кезеңі болады. Рахымжан аға жалғыздықта анасын іздесе, біз де жақынымызды іздедік», – деді М.Өтемісұлы атындағы Атырау облыстық академиялық драма театрының актері Бекет Зинуллин.

«Жалғыздық» қойылымы Рахымжан Отарбаев атындағы IIІ республикалық фестивальде бас жүлдені иеленген. 90 минуттық спектакльді тамашалауға зиялы қауым мен театр майталмандары және әкімдік өкілдері келді. Жиында жазушының драматургиялық қыры, оның шәкірт тәрбиелеудегі шеберлігі сөз болды.

«Ойлы, бір дүниені басқаша көретін жас режиссерларды іздеп жүретін. Біреуі – Мұқанғали Томанов. Бүгінгі спектакль ғана емес, «Қош бол, Қараойды» да сол қойған. Онда да ізденіс бар. Ал спектакль ізденіс болмаса тұнған су сияқты бір жерде тұрып қалады», – деді ҚР Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов.

Новости партнеров