Қазақстанның халық жазушысы, әдебиеттанушы, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменов 85 жаста. Ақынның қазақ поэзиясына және елдің саяси дамуына сіңірген еңбегін бүгінде тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем мойындайды. Қаламгердің мерейтойына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтау жолдады. Мерекелік шараға мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та қатысып, сыйлық табыстады. Қазақ тарихында өнегелі талантымен ерекшеленген Олжас Сүлейменов туралы Almaty.tv тілшісі Аяулым Көлжігіттің бейнематериалында.
Қазақтың маңдайына біткен халық жазушысы Олжас Омарұлы 1936 жылы Алматыда дүниеге келген. Бар ғұмырын әдебиет, ғылым, саясатқа арнаған ол қазақ поэзиясында өшпес із қалдырды. «Аз и Я», «Жазу тілі», «Тарихқа дейінгі түркілер» секілді туындылары әлемге танылды. Алматыда арнайы ұйымдастырылған мерейтойлық жиында мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтауын оқып берді.
«Құрметті Олжас Омарұлы! Мерейлі 85 жасқа толған биік белесіңіз құтты болсын! Сіз танымал ақын, құрметті қоғам қайраткері, зерделі зерттеуші ретінде қалың жұртшылықтың зор құрметі мен шынайы ілтипатына бөленген аса абыройлы тұлғасыз. Саналы ғұмырыңызда әдебиетіміз бен мәдениетіміздің, жалпы ел руханиятының дамуы мен өрісінің кеңеюіне, тәуелсіздіктің тұғыры нығаюына сүбелі үлесіңізді қосып келесіз. Алдағы уақытта да, сізге шығармашылық жаңа табыс, мықты денсаулық, ұзақ та шуақты өмір, отбасыңызға бақ береке тілеймін! Ізгі ниетпен Нұрсұлтан Назарбаев», – деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев.
Ел тарихында тілтанушы ретінде де танымал Олжас Сүлейменов көне түркі тілдерін зерттеген. Ал, орыс тілінде жазылған «Арғымақтар» тұңғыш өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көріп, «Адамға табын, жер, енді» поэмасы оның есімін жаһанға әйгілі етті. Тұлғаның өнегелі өмірін мадақтаған мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен шаһар басшысы Бақытжан Сағынтаев та ақынды мерейтойымен құттықтап, арнайы сыйлықтар табыстады.
«Қадірлі Олжас Омарұлы! Сіздің құрметіңізге арналған осындай алқалы жиынның өзі өзіңіз туып өскен Алматы қаласының төрінде өтуі кездейсоқ емес. Өзіңіздің құрметті азамат атағымен Алматы қаласындағы Олжас Сүлейменов атындағы аллеяның ашылуы да заңды. Алдағы уақытта да жаңа туындыларыңызбен баршамызды қуанта береді деп сенеміз. Бүгінгі оңтайлы сәтті пайдалана отырып, сізді 85 жасқа толған торқалы тойыңызбен тағы да құттықтаймын!» – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев.
Сондай-ақ, Олжас Сүлейменов Ядролық сынаққа қарсы «Невада-Семей» қозғалысын құру туралы үндеу жасап, полигонның жабылуына атсалысқан. Саяси қайраткер ретінде ол бірнеше елде елшілік қызмет атқарды. Қазақстан жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы да болып, ел мәдениетінің дамуына орасан үлес қосты.
«Бүгіндері Олжас туралы бүкіл әлемде резонанс болып жатыр. Радио, теле, газет, журналдардың бәрі. Адам қасыңда жүргенде көп біле бермейсің. Бағаның ең жоғарғысы – халықтың сүйіспеншілігі. Олжас соған бөленген адам. Енді ол бақытты адам. Той тойға ұлассын!» – деді КСРО Халық әртісі, театр және кино актері Асанәлі Әшімов.
Осылай, халқының қошеметі мен билік тарапынан көрсетілген құрметке риза болған Олжас Сүлейменов өз заманында еңбегі үшін лайық баға ала алғанын айтады.
«Біздің мемлекетіміз, халқымыз ұлы тұлғаларға мұқтаж. Шын мәнінде, жаңалық ашатын, өнертапқыш, дарынды азаматтарды қажет етеді. Ал, осылай мерейтой немесе іс-шара ұйымдастыру қалай да жалпы қоғамға, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне ықпал етеді деп сенемін. Бүгінгі жиынның мақсаты да осы деп білемін. Сондықтан құттықтауларыңыз бен ілтипатыңызға алғыс айтамын!» – деді халық ақыны, жазушы Олжас Сүлейменов.
Айта кетейік, елде 17 мамырдан бері ақынның 85 жылдығына арналған мерейтой кеңінен тойлануда. Жазушының құрметіне мерекелік концерт пен ғылыми конференциялар ұйымдастырылды.
Аяулым Көлжігіт, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы