Алматыда жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Бүгін жазушы-публицист Шархан Қазығұлов «Күлпет» романын жас оқырмандарға таныстырды, деп хабарлайды Almaty.tv.
5 мың тиражбен басылып шыққан тырнақалды туындыда автор адамзаттың алдында тұрған мәңгілік сұрақтарға жауап іздейді. Автор қазақстандық көркем әдебиетті әлемдік деңгейге көтеруге ұмтылғанын айтады.
«Роман жанрына үлкен трансформация керек деп ойлаймын. Жаңашылдық болуы керек. Ол қазіргі қазақ әдебиетіне реформа жасамасақ, қазанымызда өзіміз қайнап жүре береміз. Әлемдік деңгейге шығуымыз қиын болады. Біздің қазақ жазушыларының әлеуеті жетеді деп ойлаймын. Бірақ қазіргі заманға сай халықаралық форматта жазылған роман көбеюі керек», – деді «Күлпет» романының авторы Шархан Қазығұлов.
10 ай бойы жазылған романға патриоттық сезім, туған жердің қадірі арқау болған. Туындыда осыдан 37 жыл бұрын шетелге көшіп кеткен қазақтың өмірі баяндалады. Ол қанша ел көріп, белді қызмет атқарса да кемелденген шағында туған жерді аңсайды.
«Америкада жүргенде туған жердің түтіні де тәтті екенін сезінеді ғой. Ақыр аяғында қартайған шағында туған еліне қайтып келеді. Ұшақта ұшып келе жатқанда өмірін еске алады. Шығарма желісі осы оұиғаға негізделген», – деді «Күлпет» романының авторы Шархан Қазығұлов.