Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әлеуметтік желіде марқұмның отбасына көңіл айтып, көпшілікке қайғылы хабарды естіртті
Елтаңба авторы Шот-Аман Уәлиханов қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сәулетшінің қайтыс болғаны туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова желідегі парақшасында жазды.
«Шот-Аман Уәлихановтың отбасы мен туған-туыстарына! Қазақстан Республикасы Мəдениет жəне спорт министрлігінің атынан көрнекті сәулетші, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат», «Отан», «Даңқ» орденінің иегері, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы, Тəуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты, ҚР сəулетшілер, дизайнерлер, жазушылар суретшілер одағының мүшесі, бүкіләлемдік Шыңғыс хан академиясының, Шығыс елдері Халықаралық сәулет академиясының, халықаралық сəулет академиясының академигі (Ресей Федерациясы) Шот-Аман Ыдырысұлы Уәлихановтың қайтыс болуына байланысты отбасы мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. (...) Ғибратты азаматтың асыл бейнесі, ерен еңбегі туған-туыс пен қалың қазақтың көңіл төрі мен жүрек түкпірінде мəңгі сақталады. Марқұмның көзі тірісінде жасаған игі-жақсы амалдары алдынан жарылқасын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа, алды пейіш, арты кеніш болсын», – деп жазды министр.
Саналы ғұмырын сәулет өнеріне арнап, артында өшпес із қалдырған ірі тұлға көзі тірісінде Алматыдағы Тәуелсіздік монументі жобасына жетекшілік етіп, Шоқан Уәлиханов, Әліби Жангелдин, Дінмұхаммед Қонаев тұлғасын мүсіндеген.
«Халыққа еткен еңбегі адал. Әр уақытта елгезек, білімді, жан-жақты білімді адам еді. Шотамен әңгімелесу,сырласу өте бір бақыт болатын. Сол бақыт менде болды. Шотамен араластым, жанұямыз араласты. Сондықтан жанұясының қайғысына ортақпын. Мен жалпы қазақ халқына көңіл айтамын», – деді КСРО халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов.