Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрі соғыс ардагерлеріне арнап «Желбіре жеңіс жалауы» атты мерекелік концерт қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, концерттің мақсаты – бейбіт өміріміз үшін қан майданда ерліктің өшпес үлгісін көрсеткен ата-бабаларымызға тағзым ету, оны бүгінгі ұрпаққа таныстыру. Іс-шарада жеңіс жырын насихаттайтын Нұрғиса Тілендиевтің «Жеңіс салтанаты» және Блантердің «Катюша» сынды шығармалары қазақтың қара домбырасы мен қылқобызы арқылы орындалып, көрермен ықыласына бөленді. Концертке белгілі қайраткерлер – Есенгелді Рза, Нұргүл Әбілқасымова және Салтанат Аман қатысып, жұртшылыққа өз өнерлерін көрсетті.
«Концерттеріміздің репертуары қызықты әрі күрделі деп айтуға болады. Бағдарламаны көрерменді жалықтырмау үшін сыйымды қылып жасадық. Оның ішінде жеңіс тақырыбына арналған күйлер мен әндер көбірек пайдаланылды», – деді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестрінің дирижері, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Абылай Тілепберген.