Жеңіс күні: алматылық дәрігерлер ардагерлерді құттықтады

Алматы қаласында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 123 ардагер бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ақ халаттылар да екінші дүниежүзілік соғыс ардегерлерін құттықтауда қалыс қалмады. Бүгін осы санатқа жататын азаматтарға  арналған республикалық клиникалық госпиталь ұжымы қарияларды үйіне барып, денсаулығын тексеріп, көңілін сұрап қайтты. Игі шара туралы өзге де ақпаратты Almaty.tv тілшісі Жанар Ғаниқызы тарқатады.

Соғыс ардагерлеріне арналған республикалық клиникалық госпиталь қарияларды құттықтауға тиянақты дайындалған. Қызметкерлер олармен ұдайы тығыз байланыста болатындақтан, қажеттіліктерін жақсы білетіндерін айтады.

«Госпиталь ұжымы және осы ұжымның директоры Дамир Дәулетбаевтің бүгінгі Отан қорғаушылар күні және Ұлы Жеңіс мерекесіне орай ардагерлерге қаржылай көмек көрсетіліп, сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, ем-дом көрсетілді. Мақсатымыз – ардагерлерге барынша құрмет және көмек көрсету», – деді ҰОС мүгедектеріне арналған республикалық клиникалық госпитальдің  дәрігер-сарапшысы Перизат Өмірәлі.

Сый-сияпаттан бөлек, терапевт-дәрігерлер қарттарды қарап, шағымдарын тыңдап, қажетті кеңес берді. Ал 97 жастағы Әбдірахман Ішмұхамедов сұм соғысқа қатысқан, келген соң бар ғұмырын ұстаздық қызметке арнаған. Сондықтан бұл мерекені ұлықтаудың маңызы зор деп ағынан жарылды.

«Соғыста біз жеңдік. Біреулер бұл күнді мейрам деп ойлайды. Бірақ бұл жай мейрам емес, орысша айтқанда «святой праздник». Дәрігерлердің келіп, көмектескені тек мені ғана емес, соғыста қайтыс болған барлық солдаттарды ескеріп, құрметтеуі деп білемін», – деді ҰОС  ардагері Әбдірахман Ішмұхамедов.

Ал госпиталь ұжымы 101 жастағы Жәпек Молдабаевпен ұдайы байланыста. Дәрігерлер ақсақалдың қан қысымын, жүрек қағысын тексеріп, арнайы сараптама алды. Атаның көңіл-күйін көтеруге тырысқан мамандар  қаржылай сыйлық пен азық-түлік себетін өзіне табыстады. Бір ғасырдан астам өмір көрген батыр ақсақал ризашылығын білдіріп, келгендерге бата берді.

«Жеңіс күніне орай әкімшіліктен бастап құттықтап жатыр. Барлықтарыңыз да келіп, көңіл бөліп, талдамалар алып, дәрі-дәрмегін беріп, үнемі бақылап отырасыздар. Ақсақалымыздың жасын берсін, еңбектеріңіз жемісті болсын», – деді Жәпек Молдабаевтің ұлы Мәлібек Молдабаев.

Жалпы Алматы қаласында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 123 ардагер бар. Бүгінде оларға зор құрмет көрсетіліп, асқан ықылас білдіріп жатқандардың қарасы қалың екенін атап өткен жөн.


Новости партнеров