Ауған соғысының ардагері Болатбек Қатықбаевтың әндері «Алатау» дәстүрлі өнер театрында шырқалды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Кеште әншілер жауынгердің 40-тан астам туындысын орындады. Шығармашылықпен айналысып жүргеніне 10 жылдан асқан, көбінесе патриоттық нақышта ән жазып жүрген сазгер қазір лирикаға да бет бұра бастапты. Болатбек Әділханұлы майданға небәрі 18 жасында кеткен. Сондықтан болар, соғыс туралы айтқанды аса ұната бермейді.
Атап өтерлігі, кеш Кеңес әскерінің ауған жерінен шығарылғанына 30 жыл толуына орай өткізіліп отыр. Мерейлі датамен жауынгер-интернационалисттерді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев құттықтады.
«Кеңес үкіметінің алғаш Ауғанстанға кіргізілген кезінде біз №56 десанттық бригадамен 1979 жылы 16 қарашада алғаш болып кірдік. Содан 1981 жылы шықтық. Мен ауған юеріне ең алғаш аяқ басқан кеңестік жауынгерлердің бірімін. Мен тек рухы биік патриоттық әндер жазсам деймін. Сол бағытта жазып та жүрмін. Бірақ өзімді ақынмын, сазгермін деп санамаймын, тек Қазақ елінің патриотымын. Жалпы, Алматы қаласында судья болып қызмет атқаратындықтан, мақсатым – мүмкіндігінше халыққа қызмет ету», – дейді ауған соғысының ардагері Болатбек ҚАТЫҚБАЕВ.
«Бұл азамат біздің жауынгер-интернационалисттер шырқайтын әнұранның авторы. Өзі өлең де жазады. Кеңес әскерінің Ауғанстан Республикасы аумағынан шығарылғанына 30 жыл толуына орай, осы шараны арнайы ұйымдастырып отырмыз. Бұл шараға жастар да көптеп тартылып жатыр», – деді ауған соғысының ардагері Алтай ӨТЕБАЙҰЛЫ.