Шартылдақ: Ұлттық аспаптар жөнінде не білеміз

Almaty.tv
Almaty.tv
Қолөнер шеберінің айтуынша, оларға сұраныс төмен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Өркениетке ұмтылған сайын ұлттық аспаптар ұмытылып барады, деп хабарлайды Almaty.tv   тілшісі.

«Нағыз қазақ –домбыра» деу оңай, бірақ дархан даланың дәстүрлі музыкасы домбырамен ғана шектелмейді. Қобыз бен сыбызғыны айтпағанда, сазсырнай мен сақпанды білмейтіндер көп. Ал осындай 60 түрлі ұлттық аспаптың қазір қолданыс аясы тарылып, өндірісі тоқтады. Затаевич түрлі оркестрдің үнін «даланың өзі ән салып тұрғандай» деп суреттеген еді.

Абзал Сәрсен 10 жылдан бері ұлттық музыкалық аспап жасаумен айналысады. Қолөнер шеберінің айтуынша, оларға сұраныс төмен. Тұтынушы болмағандықтан, өндіріс те тұралап қалған көрінеді.

«Сақпан аспабы – бұл көнеден келе жатқан қазақтың аспабы. Бұл сақпан музыкалық оркестрде әнді-күйді сүйемелдеу үшін жасалған», – деді шебер Абзал Сәрсен.

«Адырна» ансамблі, «Сазгенсаз» ансамблі, одан кейін біздің атақты «Отырар сазы» ансамбльдерінде қолданылып жатыр», – деді сыбызғышы Жұмағали Уатхан.

Ұмыт қалған ұлттық аспаптардың қатары аз емес. Бүгінде шартылдаған шартылдақ та ұмытылып барады.

«Шартылдақ деген аспап бар. Бұл – қазақтың баяғыдан келе жатқан аспабы. Балалардың ойыншығы ретінде пайдаланылады. Өзіңіз көріп тұрғандай балалар қатты қызығады, сол үшін қазақ халқы балаларына арнап алып беріп отырған», – деді шебер Абзал Сәрсен.

«Шартылдақ аспабын арнайы күйді әрлеу үшін, күйдің маңызды тұсында ғана қолданады», – деді сыбызғышы Жұмағали Уатхан.

Өкініштісі, бүгінде әр қазақтың шаңырағынан домбыра да табыла бермейді.

«Қазір әрбір отбасыда домбыра болса, шүкір дейміз. Ұлттық аспаптар енді ғана дамып жатыр. Алдағы 5 жылдықта қазақтың кез келген баласы біледі деп ойлаймын.  Менің қолымдағы сазсырнай аспабы. Кейінгі ұрпаққа дәріптеп жатырмыз», – деді сыбызғышы Жұмағали Уатхан.

Ұмыт болған қазақ халқының аспаптарын қайта жаңғыртып, оларды кең түрде насихаттау – негізгі мақсат.

Гүлмарал Изатқызы, Арсен Сандыбаев, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров