Абыроймен келіп, абыроймен кетті: Есенғали Раушановты замандастары еске алды

15.11.2023 22:11

Қаламгер тұрған үйге мемориалды тақта орнатылды

Almaty.tv

Қазақтың көрнекті қаламгері Есенғали Раушанов тұрған үйге бүгін мемориалды тақта орнатылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Өлеңдеріне ұлттың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымын азық еткен ақын осыдан екі жыл бұрын өмірден өтті. Өзі өлгенмен, көзіндей болған қара өлеңін ардақтайтын жұрт: "Аяулы ақынның еңбегі әлі де көкейде сайрап тұр",- дегенді айтады.

– Халықтың басынан өткенді қағазға түсіріп, кету үлкен абырой. Абыроймен келіп, абыроймен кетті. Жазғаны еш уақытта қалып қоймайды, елдің әсіресе жастардың бойында ұзақ уақыт сақталады, - дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Темірхан Медетбек.

– Көкмойнақ жырларымен талай жарыстардан қара үзіп, дара келетін ақын еді. Соның арқасында ол жас кезінен-ақ комсомол сыйлығын, мемлекеттік сыйлықты алды. Көзінің тірісінде «классик ақын» атанды. Оның жырлары үлкен философиялық ойға толы. Шығыстық сарынмен жазылатын жыраулық сипатқа ие, - дейді педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауынбай Қараев.

Оқи отырыңыз: Алаш арыстарының ақталғанына 35 жыл толды