Алматыда мектеп көшбасшыларының аудандық слеті өтті

15.11.2023 22:46

Үздік оқушылар келесі кезеңге жолдама алады

«Оқушылардың өзін-өзі басқаруы - демократиялық мәдениетті қалыптастыру құралы» атты тақырыппен қаламыздағы Әуезов ауданында мектеп көшбасшыларының аудандық слеті өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

«Алматы дарыны» орталығы мен аудандық білім бөлімі ұйымдастырған жиында мектеп президенті, парламент сынды басқару жүйесінің жұмысы жайлы айтылды. Оқушылардың жетістігі көрсетілді. Белсенді жұмыс істеген көшбасшылар келесі кезеңге жолдама алды.

– Жалпы 32 оқушы қатысты. Оның ішінен іріктеліп 10 бала қалалық кезеңге өтеді. Сарапшылар оқушы жұмысын жіті саралайды. Үздіктер ғана келесі кезеңге жолдама алады, - дейді «Алматы дарыны» орталығының әдіскері Алтынай Нұрғайып.

Өзін-өзі басқару ұйымдары арқылы оқушылар мектептің ішкі саясатына, әкімшілік жұмыстарына, оқу және тәрбие үдерістеріне әсер ете отырып шешім қабылдауға ықпал етеді. Сондықтан бүгінгі жиынның мақсаты – мектеп парламенттерін нығайтып, тәжірибе алмасатын алаң құру.

– Мектеп президенттерінің таныстығы өзара тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді. Мен демократия туралы презентация жасадым. Оқушылардың білім алуы, тәрбиесі жөнінде ойымды айтамын, - дейді семинар қатысушысы Абдулхафиз Алпысбай.

Оқи отырыңыз: Алматыда ұлттық құндылықты дәріптеуге үрететін семинар өтті