|
07.06.2023 | 17:12
512

Алматыда ресейлік режиссер қойылымының тұсауы кесілді

Қойған спектакль көрермен көкейіне көп сұрақ, көңіліне алаң қалдырды

Алматыда ресейлік режиссер қойылымының тұсауы кесілді Almaty.tv

Алматының Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры тағы бір жаңа қойылымның тұсауын кесті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ресейлік режиссер қойған спектакль көрермен көкейіне көп сұрақ, көңіліне алаң қалдырды.

Теңізшілердің тағдырын арқау етіп, жаңа биліктің жүйесін, сұрапыл соғыстың астарлы ақиқатын сахналаған қойылым жасырын мағынаға толы болды. Оны келген көрерменнің әрқайсы өзінше қабылдап, түсінді. Драма-жаңғырық жанрында шымылдығын ашқан премьераға келген көпшіліктің қарасы қалың.

«Спектакльде қыздар аз. Бұл қойылымда комиссарды әйел етіп жібереді. Бұл – теңізшілерге жағымсыз жаңалық болады. Осы жерден әрі қызық, әрі қиын хикая басталады», – деді Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актрисасы Айнұржан Орынбасарова.

«Бұл қойылым – жер бетіндегі арсыздық атаулыны ақтап алатындар мен оны насихаттаушыларға көрсетілген көркем наразылықтың белгісі», – дейді әртістер. Спектакльдің халықаралық тәжірибе негізінде қойылғанын қоса кетуіміз керек. Өйткені режиссердің өзі – Бурятия мемлекеттік сыйлығының иегері Сергей Левицкий.

«Спектакль қым-қуыт көрініске толы. Әрі мен үшін қазақстандық әртістермен жұмыс істеген ұнады. Жаттанды сценарийден, қалыпты қойылымнан қашып, жаңа, беймәлім дүние жасап шығарғымыз келді. Меніңше, ойлағанымыз орындалған сияқты», –  деді қоюшы режиссер Сергей Левицкий.

Бас-аяғы 2 айлық дайындықта жаңа жанрды игеру әртістерге қиын болмапты. 15 шақты адам қатысатын сахна тез-ақ қойылып, әуенмен әрлеуге мән берілген екен.

«Қазіргі қазақ театры ешқандай елдің көшінен кем емес. Сол себепті бізге таңғалдыратындай жаңалық болған жоқ. Десек те, үйренген дүниеміз біраз болды. Өзге режиссер болғаннан кейін, оның өзінің көзқарасы, қолтаңбасы, өзгеше ойын, өзгеше актерлік құрам, өзгеше стилистика болды», – дейді Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театрының актері Шағуан Үмбетқалиев.

Спектакльді елдің ерекше деп тануына себеп көп. Жанрынан бастап, әртістік ойын, сценарийлік жүйе өзгерген қойылым 18 жасқа толған көрерменге ұсынылады.

Мадина Оқас, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Мүмкіндігі шектеулі суретшінің туындылары талайды таң қалдырды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир