Мүмкіндігі шектеулі суретшінің туындылары талайды таңғалдырып жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жамбыл облысы Қаратау қаласында тұратын Аяжан есімді ару туғанынан мүгедектер арбасына таңылған. Екі қолы да еңбекке жарамсыз.
26 жастағы Аяжанның тағдыры сан соқпақ. Бала күнінде дәрігерлердің қателігімен 4 жылын ақыл-есі толық емес балалардың ортасында өткізген. Дегенмен дарынды қыз ол шақты өткеннің еншісіне қалдырып, қазір анасының көз қуанышына айналып отыр. Аяжан суретті аузымен салады. Оның жұмысына қызығушылық танытқандар да аз емес. Тіпті азды-көпті қаражат ұсынып, сатып алатындар кездеседі екен.
«Сурет салып алданасың, осымен жұбанасың, ол – менің қолдаушым. Ел қатарлы жұмыс істегім келеді, бірақ жұмысқа алмайды», – дейді әуесқой суретші Аяжан Жуатай.
Шағын шаһар Қаратаудағы көпқабатты тұрғын үйдегі пәтерде тұратын дарын иесі мұнымен қоса, қолөнермен айналысқанды ұнатады. Әуесқой суретші білім алған мектеп бұған дейін оның шағын көрмесін өткізген. Кәсіби мамандар да өнерлі қыздың өң бойынан өшпес үмітті байқап отыр.
«Арнайы білімі болмаса да, оқып жатқан балалардың деңгейімен бірдей деп айтуға болады. Ол қызымызды республикалық, халықаралық байқауларға қатыстырып, кәсіби шеберлігін дамытуға үлесімізді қосамыз деп сенеміз», – дейді Қаратау қалалық балалар өнер мектебінің мұғалімі Рахат Нұрбек.
Ерекше жанның ендігі мақсаты – туындыларын ауқымды көрмеде көпшілікке ұсыну. Бұл жоба бойынша жұмыстарын бастап та кеткен. Шексіз өмірдегі шектеулер шын мәнінде сынақ қана дейді Аяжанның өзі.
Жомарт Есқара, Асылжан Шымкент, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Алматыда «Салауатты ұрпақ» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті