Елімізде Голливудты қазақша сөйлетуге құқылы неше студия бар

Almaty.tv
Almaty.tv
Биыл 15 шетелдік фильмді қазақша дубляждау жоспарда бар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда шетелдік блокбастерлерді дубляждайтын студиялар жетіспейді. Жетіспейді деуге келмес, бірақ Голливудты қазақша сөйлететіндердің көбіне мемлекет қолдау білдірмейді. Сондықтан кинотеатрда батыстың атыс-шабысын, Оскарға үмітті фильмдердің біразын қазақша көру бақыты баянсыз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазақтың «Уилл Смиті» дубляж саласында 23 жылдан бері жүр. Азамат Қанапияның шетел фильмдерін қазақша шығару қарқынына көңілі толмайды. Себебі біраз жыл өтсе де ана тілімізде аударылып, кинотеатрларда көрсетілген танымал фильмдер саны саусақпен санарлық. Ал оған назар аударып, ықылас бөліп жатқан ешкім жоқ. Өйткені, отандық дубляжда бәсекелестік жоқ.  

«Бұл жерде негізі қазаны қайнап жату керек қой. Ал біздікі керісінше оты өшіп қалған, шаңырағы ортасына түскен. Бәрін орысша көреді. Өйткені көретін дүние тек орыс тілінде. Қазақшада жоқ. Иә, бірен-саран бар. Тәуелсіздігіміз жарияланғаннан бергі 30 жылда  дубляжаданған шетел фильмдері көп болса 30-40-тың  төңірегі ғана», – деді актер, диктор Азамат Қанапия.

Актердің айтуынша, Қазақстанда шетел фильмдерін сапалы дубляждайтын мамандар жетеді. Тек министрлік мұрындық болса. Ал саланың нағыз шеберлері қолдау болмаған соң көрінген жерде қолбала болуға мәжбүр.  

«Бір айда бір жарнама болады. Оның өзін, бірдеңе қылып жүріп ақшасын әрең аласың. Ақшасы бізде де көп емес. Бір жарнаманы дыбыстау 100 доллар еді. Қазір  50 доллардан төлейді», – деді актер, диктор Азамат Қанапия.  

Мәдениет және спорт министрлігінің дерегінше, елде жиырмаға жақын  дубляж студиясы бар. Алайда соның екеуі ғана Голливудты қазақша сөйлетуге құқылы. Қалғанында арнайы сертификат жоқ. Жекеменшік студияларды былай қойғанда,«Қазақфильмдегі» дубляж студиясының өзі тек отандық телеарналарға ғана өнім дайындап, шетелдік мультсериалдарды ғана аударудан аса алмайды.  

«Біз 2021 жылдан бастап TIJI және Nickelodeon компанияларының ұсынысы бойынша 5 жылдық жобаны қолға алдық. Солардың мультфильмдерін қазақ тілінде дубляж жасадық. Биыл да жалғасын табар деп күтіп отырмыз», – деді Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ Дубляж бөлімінің редакторы Нұргүл Шубаева.

Биыл 15 шетелдік фильмді қазақша дубляждау жоспарда бар. Осылай деген министрлік өкілдері бұдан былай оның санын жыл сайын арттыруға ынталы екенін жеткізді.  

«2023 жылы қазақ тілінде дубляждалатын шетелдік фильмдердің саны мен атауы алдағы уақытта Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығының ресми сайтында жарияланатын болады. Біздің азаматтарымыз ұнаған фильмдерін дубляждауға дауыс беруге мүмкіндігі болады. Бүгінгі таңда іріктеу жұмыстары жүргізілуде», – деді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі кинематография басқармасының басшысы Ғани Мұратов

Қазақстанда қазақ тіліндегі контенттерге сұраныс жоғары. Мұны дубляж саласының мамандары да, құзыретті министрлік те жақсы біледі. Бірақ, Ұлттық мәселеде иіні қанбаған шаруаның «шаңы» бір жылда қағылады дегенге көпшілік күмәнді. Себебі соңғы 5 жылда шетелдің 17 фильмі ғана қазақша сөйлеген.  

Оразай Нұртайұлы, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров