Алматы мұражайында атақты мүсіндердің авторы Павел Шороховтың көрмесі ашылды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оған автордың жиырмадан астам туындысы қойылған. Сондай-ақ, қаланың әр жерінде орналасқан мүсіндері фотосурет ретінде жинақталып қабырғаға қосымша ілінген. Іс-шара қала күніне арналып ұйымдастырылыпты.
«Мені кез келген дүние қызықтырады. Балалар, жануарлар, ұлттық тақырыптар болсын, жалпы өмірдің барлық саласын бейнелеуге дайынмын. Мен үшін әрбір туынды ыстық. Қаламызға ерекше әр беру үшін әдемі мүсіндер жасауға тырысамын. Бұл көрме де менің сүйікті қалам Алматыға арналады», – деді мүсінші Павел Шорохов.
Карантиннен кейін қайта жұмысқа кіріскен Алматы музейі бүгін алғаш рет көрме ұйымдастырып отыр. Мұражайға келушілер Павел Шороховтың аллюминний, мыс, қола, мәрмәр сияқты материалдардан жасаған мүсіндерін екі апта бойы тамашалай алады.
«Біртуар мүсіншінің туындылары біздің елде ғана емес шетелдерде де өте танымал. Алматының символына айналған апорт алмасының да мүсінін жасаған адам. Оның осыған дейін 37 жыл бойы Арбатта орналасқан «Фламинго» туындысын көріп өстік. Қазір ол мүсін аэробекет аумағында тұр. Горкий атындағы саябақтағы «Барыс», қалалық Цирк ғимаратының алдындағы «Отты шеңберден өтіп бара жатқан арыстанның» да бейнесі осы кісінің шығармалары. Барлығы қаланың көркін айшықтай түседі», – деді Еуразиялық шығармашылық гильдиясының мүшесі (Лондон) Зайтуна Жандосова.