Замандастары мен шәкірттері ұстаздың сүйемелдеуімен ән шырқады
Алматыда 9 ақпанда ер мінезді, тума талант иесі Ағайша Исағұлованың «Әуелетіп ән салайық сырнайменен» атты мерейтойлық ән кеші өтті, деп хабарлайды Аlmaty.tv.
Кешке ақын, жазушылар, өнер саласының қайраткерлері мен педагоктың шәкірттерімен замандастары қатысты. Қазақ ұлттық педагогикалық қыздар университетінің басшылығы қолдауымен игі шара университтің 80 жылдығымен ұштастырылған.
- Университетіміздің мақтанышы, әнші, композитор, педагог Ағайша Исағұловамен оқу орнының 80 жылдығы астасып жатыр. 18 жасында оқуға түсіп, әлі күнге дейін осы киелі шаңырақта еңбектенуде. Ағайша апай біздің университеттің жүрегі десек болады. Алғаш "Айгүл" ансамблін құрып, қазақ эстрадасына жаңа леп әкелген адам. Жасы келсе де, үздіксіз еңбек етіп келеді, - дейді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушысы Қанағат Баймұратқызы.
Қалың қазаққа танымал, атақты Майра Уәлиқызының ізбасары саналатын Ағайша Исағұлованың қазақ эстрада өнеріне қосқан үлесі ұшан-теңіз. Оның 1968 жылы құрған «Айгүл» ансамблі республика ғана емес, Кеңес Одағының көлемінде, алыс шетелге де аты шықты. Вокалды аспаптық халық ансамбль атақты «Досмұқасан», «Гүлдер» топтарының ашылуына да мұрындық болды.
- Бүгін мен үшін керемет күн! Замандастарым, ақын, жазушылар, шәкірттерім келіп, менімен бірге баянымның сүйемелдеуімен сахнада ән шырқайды. Қазақ өнеріне талмай еңбек ету, мен үшін үлкен бақыт, - дейді ҚР Еңбек сіңірген қайраткер, әнші, профессор Ағайша Исағұлова.
Ағайша Исағұлова - ерекше екпінді дауыстың иесі. Оның орындауындағы «Көкпар» аламан байқауларда бас жүлдені талай жеңген. Халық әні, дәстүрлі ән орындауда «Исаның желдірмесін» нақышына келтіріп, шебер айтатын бұл кісіге тең келер жан жоқ. Ағайша Шермұхаметқызы педагогтықпен бірге өнерді қатар алып келеді. Ол 80-ге жуық әннің авторы. Оның орындауындағы 250-ден астам шығарма Қазақ радиосының алтын қорында сақталған.
Оқи отырыңыз: Нағима Есқалиева 70 жас мерейтойын дүркіретіп атап өтті (фото, видео)