Мемлекеттік архивте жинақталған деректер мен фотосуреттер, актердың жеке заттары қойылған көрме ұйымдастырылды
«Еткен еңбегімнің бәрі халық үшін». Бүгін Орталық Мемлекеттік архивте өткен кездесуде көрнекті кино және театр актері Асанәлі Әшімов осындай лебіз білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv. тілшісі.
«Екі ғасыр куәсі – бір дәуірдің аңызы» атты жиынға белгілі театр майталмандары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Актердың ізін басқан шәкірттері оның өміріне өрілген шағын спектакль қойып, келген қонақтарды ерекше әсерге бөледі. Қонақтар қайраткердің өнері мен өмірінде болған естеліктерін жастарға әңгімелеп берді.
«Ел – ел болуы керек. Ол үшін ғылым, білім, әдебиет, мәдениет қажет. Соның бірі – архив. Біз кетеміз, келесі ұрпаққа тастап кеткен біздің үлесіміз архивте қалады. Архив қызметкерлеріне рақмет айтамын», – деді КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов.
Іс-шара барысында мемлекеттік архивте жинақталған деректер мен фотосуреттер, актердың жеке заттары қойылған көрме ұйымдастырылды. Абызға тиесілі жеке дүниелер мұрағатқа 2008 жылы беріліп, жыл сайын толығып келеді. Асанәлі Әшімовке арналған №438 жеке қор ашылған.
«Асанәлі ағамыздың қоры өте бай. Театрды жаңадан бастап келе жатқан кезінен, Райымбек Сейтметов екеуі, әріптестерімен бірге түскен суреттер, жазған хаттары өте көп. Кітаптарының түпнұсқасы бізде сақталған», – деді Мемлекеттік архивтің архивисі Гүлмира Тұтбаева.
«Архивте Асағаңның атында арнайы бір қор ашылды. Сондықтан бұның бәрі архивте тұруы керек. Келер ұрпақ білуі керек. Ұрпақтар сабақтастығы деген бар. Кімнің кім болғанын, өнер, мәдениет, тұлғалардың тарихы архивте сақталады. Бүгінгі шара игілікті іс болды», – деді «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбай.